Қазақстан мен Қатар әскери байланысты нығайтады
Сенат Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы заңды мақұлдады. Құжатта әскери білім беру және әскери қызметшілерді даярлау, әскери медицина, әскери ғылым салаларында байланысты дамыту көзделген. Сондай-ақ жауынгерлік даярлық, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар бойынша кеңесу мәселелері де қамтылған. Бұл келісім материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру, әуе кеңістігі мен әскери полигондарды пайдалану, тілдік даярлықты жүргізу жұмыстарын реттейді. Аталған заң аясында бірлескен жұмыс тобын құру да көзделген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Бұл шаралар екі елдің қауіпсіздігін күшейтуге арналып отыр. Мақұлданған заң алдағы уақытта мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті нығайтуға және аумақтарымыздың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз.