Қарағанды облысында 6 заманауи спорт кешені салынып жатыр
Қарағанды облысында Президенттің бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасымен 6 үлкен заманауи спорт кешені салынып жатыр. Биыл Абай ауданының Топар елді мекені мен Бұқар жырау ауданының Қарақұдық ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру нысаны пайдалануға берілді. Оның жалпы ауданы мың шаршы метрдей. Ауыл жастары бірнеше спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Қарақұдық ауылындағы 150 орындық жаңа кешен пайдалануға берілді. Мұнда 20-ға жуық адам еңбек ететін болады. Ауыл балалары мен жастар осында келіп, спортпен шұғылданады.
Әлібек Ысқақов, Қарақұдық ауылы мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:
- Енді спорт кешенінің ашылғанына өте қуаныштымыз. Келешекте осы спорт кешенінен еліміздің туын желбіретіп, әнұранымызды шырқататын спортшылар шығатынына сенімдіміз. Осы жерде енді ауылдық, аудандық деңгейдегі жарыстарды өткіземіз деген ойдамыз.
Спорт кешенінде 9 түрлі секция жұмыс істейтін болады. Мұнда ауыл жастары футбол, баскетбол, волейбол сынды командалық ойындардан бөлек, үстел теннисі, күрес, бокспен шұғылданады. Ол үшін қажетті жабдықтар бар. «Кешеннің материалдық базасын әлі де толықтырамыз», -дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков.
Олег Цыганков, Бұқар жырау ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Осындай тамаша кешенді бір жылда сапалы етіп салып берді. Оның құрылысына жергілікті кәсіпкер атсалысты. Тұрғын саны аз болғандықтан көп ауылда мұндай үлкен кешен жоқ. Бұл бірінші елді мекен. Бірақ аядай ауыл болғанымен, қаншама мықты спортшылар шыққан жер. Жастарымыз сол сабақтастық жалғастырады деген сенімдеміз.
Бұқар жырау ауданының спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Аудан тұрғындары қазір спорттың 30 түрімен шұғылданады. Жалпы Қарағанды облысы бойынша үлкен заманауи үлгідегі 6 спорт кешені салынып жатыр.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар