Жоғарғы Сотта жекелеген қылмыстық істер бойынша қолданылатын тәжірибе талқыланды
Бүгін Жоғарғы Сотта судьялар мен прокурорлар және Парламент депутаттары жекелеген қылмыстық істер бойынша қолданылатын тәжірибені талқылады. Өйткені шартты мерзімінен бұрын босату, бас бостандығынан айыру жазасын неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру, сондай-ақ күзетпен ұстау бұлтартпас шарасын санкциялау амалдарын іске асыруда бірнеше мәселе бар. Бұл адвокаттарды да алаңдата бастаған. Дегенмен бүгінгі таңда сотталғандардың уақытынан бұрын босап шығу туралы хаттарының 50% қанағаттандырылған. «Қамауға алынған адамдардың да өтініштерін орындау көрсеткіші ұлғайып келеді. Яғни адам құқын қорғаудағы соттардың бақылауы күшейе түсті»,– дейді Жоғарғы сот қызметкерлері. Жиын барысында бұл тәжірибені кеңірек қолдану керектігі айтылды.
Назгүл Рахметуллина, ҚР Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
-Жоғарғы Соттың бастамасымен пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Осы жылы соттар қамауды санкциялаудан бас тартып, 500-ден астам электронды білезік қолданып, үй-қамақ бұлтартпау шарасын санкциялаған. Бірақ сонымен бірге қамауда ұсталынған адамдардың саны әлі жоғары. Осы мәселелерді қарау барысында кемшіліктерге жол бермеу, біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету осыған Жоғарғы Сот тарапынан ерекше назар аударамыз.