Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз игерген 49 кәсіпкер жазаланды
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз игерген 49 кәсіпкер жазаланды. Мамандардың айтуынша, өңірдегі өзен-көлдердің жағасын жаппай қазып, карьерге айналдырып жіберген пысықайлар көбейген. Ал жер қойнауын пайдалануға рұқсаты бар кәсіпкерлердің өзі талапты сақтамай, қоршаған ортаға шаш етектен зиян келтіріп жатыр. Заңсыз әрекеттері үшін 11 кәсіпкер лицензиясынан айырылып, тағы 38-імен келісімшарт бұзылған.
Заңсыз қазылған карьерлердің бірі өңірдегі Отырар ауданының аумағында орналасқан. Темір техниканы тізгіндегендер құзырлы орган өкілдері келе жатқанын естіп, барлығын тастай қашқан. Қара топырақты оңды-солды қопарғандар қоршаған ортамен қатар, ауыл тұрғындарына да залалын тигізуде. Өңірдің тұрғындары олардан әбден зәрезап болғандарын айтады.
Бақтыбай Тәшкенбаев, Бірлік ауылының тұрғыны:
-Қарьер қазған шұңқырға қара халықтың малы түсіп өліп жатыр. Бұл қайтіп күн көреміз. Мынау су қайтқан кезде ол жерлер бомба түскендей шұңқыр, орнын тегістемейді. Қызыл кітапқа кірген жыңғыл, тораңғыға да қарап жатқан жоқ.
Әбдіманап Мамышев, Ш. Дәлдәбеков ауылдық округінің тұрғыны:
-Ауыр жүк көліктер кіріп, құм алып шығып жатыр. Ағашты да, жыңғылды да қырқып жатыр. Жерді де ойып тастайды. Шұңқырға түсіп, өліп жатқан малдардың есебі жоқ. Міне осыны біз тоқтатса деген өтінішіміз бар.
Полицейлер жыл басынан бері бірнеше мәрте тексеру жүргізіп, жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалған. 205 жүк көлігі айыптұрағына қойылып, 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Алайда пайдаға құныққандар ұсталып жатса да, айылын жияр емес.
Гүлнар Абдужаппарова облыстық ПД ресми өкілі:
-Сонымен қатар белгіленген салмақтан аса ауыр салмақта жүк тасымалдаған 41 жүк көлігі анықталып, айыптұраққа қойылып, көліктік инспекциямен шара көрілді. Бүгінгі күні бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
«Өңірде жер қойнауын игеріп отырған 191 кәсіпкер тіркелген. Бірақ зарарын тигізіп, заңға бағынбайтындар да бар»,– дейді жауапты сала өкілдері.
Үсен Сазанбай, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
-Облысымызда 4 қызыл нүкте бар. Оның бірі Жетісай ауданы, Келес, Кентау, Созақ аудандарынада қызыл нүктелер бар. Заңсыздық жиі орын алады. Белгіленбеген жерден пайдалы жазбаны қазады. Бізде сол бойынша жиі арыз түседі. Осы 11 айда 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт лицензиясын мерзімінен бұрын тоқтаттық. Біз барлық материалдарды жинап прокуратураға жібереміз.
Ал Экология департаменті жыл басынан бері 91 әкімшілік істі қарап, 107-сін сотқа жолдаған. Өткен жылы қоршаған ортаға залал келтірген бір кәсіпкер 6 жылға сотталса, тағы біреуі қазір уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш