Шымкентте жекеменшікке өткен нысандар қайтарылып жатыр
Шымкентте көптеген әлеуметтік нысан жекеменшікке өтіп кеткен. Қазір біртіндеп мемлекеттің қарамағына қайтарылып жатыр. Мұны бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков брифингте айтты. «Нысандардың барлығына зерделеу жүргізіліп, бірқатар меншік иесінің ғимаратты мақсатсыз пайдалануы және тиісті талапты орындамауы анықталған. Ал жұмысы адал, өз міндеттемесін мерзімінде орындап жатқан меншік иесіне алаңдауға негіз жоқ»,– дейді әкім. Өткен жылы қаладағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайы» мемлекет меншігіне қайтарылса, биыл «Мұз сарайының» 67% қала әкімдігінің қарамағына өткен. Яғни енді нысанның басқару құқығы мемлекетке тиесілі.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
-Сондай-ақ өз міндеттерін орындамаған жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхананың келісім шартын бұзып, мемлекетке қайтардық. Сол сияқты міндеттемені орындамаған сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген «Орталық су спорт кешенін» мемлекетке қайтару бойынша сотта талап арыз қаралуда. Одан бөлек, қала тұрғындарының ұсынысын ескеріп, коммерциялық бағытқа пайдаланып келген «Қиял әлемі» технопаркі және «Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне қайтарып, демеушілер есебінен қайта абаттандыру жұмыстарын қолға алдық.