Әскердегі мәселені ашық көрсететін стартаптар таныстырылды
Әскерден келген сарбаздардың ұялы телефонына енді анонимді сауалнама келеді. Онда жігіттер мерзімді қызметін өтеу барысында тамақтан бастап қарым-қатынасқа дейін туындаған мәселелерін ашық көрсетсе болады. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары мәлімдеді.
Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұл бастама әскердегі қызметке баға беріп, жағдайды жақсарту үшін қолға алынды. Сауалнамаға 100 шақты сарбаз қатысқан. Министрлік қорғаныс саласын өркендетудің инновациялық ұтымды жолдарын іздеп жатқанын айтты.
Мәселен, Астанада жаңа технологияларды енгізуге бағытталған хакатон өтті. Онда IT саласының мамандары әскерді барынша ашық ететін стартап жобаларын таныстырды. 41 жобаның ішінен үздік үштік іріктеліп алынды.
Дархан Ахмадиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Әскери қызметте болып жатқан проблемаларды шешуге көмектесу үшін арналған заманауи шешімдерді табу – мақсатымыз. IT компаниялармен, ғылыми орталықтармен арнайы жұмыстар өткізілген болатын. Іріктеуден өткен шешімдер бүгінгі хакатонға жетіп отыр.