Хабар телеарнасы

Теміржол саласында қандай өзгерістер болады?

Алдағы бес жылда теміржол саласындағы инфрақұрылымдық мәселелер біртіндеп шешіледі. Себебі Көлік министрлігі саланы дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлепті. Мұны бүгін Үкіметте ведомство басшысы Марат Қарабаев мәлімдеді. Бірақ бұған қаншалықты сенуге болады? Теміржол саласында не өзгеріп, не жаңарады? Айтпақшы осы жиында «Қазақстан теміржолының» Басқарма төрағасы халықтан кешірім сұрады.

Елімізде қазір теміржол вокзалдары тозып тұр. Осындай 59 нысанның бүгінде 54-ін жөндеу қажет. Олардың алды өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Әзірге тек бірнеше вокзал ғана қалыпқа келтіріліпті.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Қазіргі уақытта тек Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларының вокзалдары толық күрделі жөндеуден өтті. Қалған вокзалдарды жөндеу бойынша қажетті техникалық құжаттар әзірленуде және қаржыландыру көздері мен механизмдері пысықталып жатыр.

«Қазақстан теміржолы» мен Көлік министрлігі қанша жерден «жолаушылар вагондарын жыл сайын жаңартып жатырмыз» дегенімен, халықтың көбі әлі күнге дейін зауыттан шыққанына жарты ғасырдан асқан вагондармен қатынайды. «Бірақ алдағы бес жылда олардың біразы есептен шығарылады»,– дейді министр.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Өткен жылы 118 жаңа вагон сатып алынса, биыл 143 бірлік жеткізіледі. Келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған. Жалпы 2029 жылға дейін 1 мың 200-ге жуық жолаушылар вагондары сатып алынады. Нәтижесінде вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38 пайызға дейін төмендейді.

Ал халықты әбден мезі қылған пойыздардың кешігу мәселесін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өзі көтерді.

Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан Теміржолы» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

-Бұл мәселе біздің компанияның ерекше бақылауында тұр. Осы жағдай жол жөндеу жұмыстарымен және жолаушылардың қауіпсіздігіне байланысты. Соңғы жылдары біз жол жөндеу жұмыстарын 2 есе көбейттік. Жолаушылардың алдында кешірім және түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Журналистер Көлік министрінен пойыз билеттерінің бағасы жайлы сұрады. Себебі халықта жаңа жыл мерекесінің қарсаңында билет қымбаттап кете ме деген қорқыныш бар. Марат Қарабаев алда ешқандай қымбаттату жоспары жоқ екенін айтты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев