Президент Конго Республикасының Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдіріп, оның елімізге бұл сапарының тарихи маңызы зор деп бағалады.
– Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл алғашқы сапарыңыз екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Конго арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мол әлеует бар деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Дени Сассу-Нгессо құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның қазіргі саяси және экономикалық дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
– Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Астанаға келу – біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар саясат, дипломатия және экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне, ал екі ел халықтарының достық қатынастарын жаңа деңгейге көтеретініне сенемін, – деді Конго Президенті.
Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Конго арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты.