Мәжіліс республикалық бюджетке енгізілетін түзетулерді қабылдады
Мәжіліс Су кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда қарады. Құжатқа сай елімізде 42 су қоймасы салынады. Тіршілік нәрін үнемдеу тетіктері де қарастырылған. Бұған қоса депутаттар 3 жылға арналған республикалық бюджетке енгізілетін түзетулерді қабылдады. Үкімет мүшелері ұлттық қордан қосымша қаржы алынатынын мәлімдеді. Бұл амалсыздан жасалып жатқан қадам деп түсіндірді.
14,1 трлн теңге. Бұл биылғы бюджет кірісі. Қарапайым тілмен айтқанда жыл басынан бергі табыс. Болжам бұдан көп еді. Соған сәйкес шығын жоспары жасалған. Оның ішінде жалақыдан бастап, әлеуметтік төлемдер, стратегиялық құрылыстар тағы басқа жобалар бар. Енді сол міндеттемені орындауға ақша жетпей тұр. Тапшылық 3,7 трлн теңгені құрайды.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалар сияқты тұрақсыздығы республикалық бдюжеттің кірісіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар метал бойынша сақталып келе жатыр. Одан басқа геосаяси жағдаларға байланысты компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Табысы азайғандықтан салық 350 млрд теңгеге төмендеді.
Тағы бір себеп - мұнай өндірісінің төмендеуі. Министр қосымша қаржы алуға нақты себептерді осылай тізбектеді. Депутаттар бұл әдетке айналмау керегін айтып, Үкімет мүшелеріне ұлттық қор ұрпақтың несібесі екенін ескертті және бұдан өзге де мәселелерді алға тартты.
Аян Зейнуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкімет резервінен нарықтың құны бойынша 155 мың тонна астық сатып алуға 10 млрд теңге бөлінетіні мәлімденді. Шамамен 1 млн тоннаны сатып алу үшін 75 млрд теңге қажет. Бір аграрлық кәсіпорыннан сатып алу көлемі қандай? Бүгін қарастырылып отырған бюджетте сатып алуға қаражат қарастырылған ба?
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Желтоқсанның басында бірінші 10 млрд берілетін болады. Біз өтініштер қабылдап жатырмыз. Бір шаруашылықтан 500 гектары болса, 300 тонна. Мың гектары бардан 500 тоннадан. Мың гектардан жоғары 700 тоннадан аламыз. Сондықтан 310 шаруашылықтан қабылданатын болады. Қосымша 75 млрд-қа құжат дайындалуда. Ол қаңтар, ақпанда берілетін болады.
Қаржы жетіспеушілігін шешу - Үкіметтің тікелей міндеті. Мұндайда қосымша кіріс көзін табуы керек немесе басқа бағытқа бөлінген қаражатты үнемдеу де оңтайлы шешім. Депутаттар осы екінші тәсілді қолдануды ұсынды.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Менің ойымша шығысты азайтудың бір жолы – құрылыс құнын төмендету. Құрылыс құны шынайы бағамен салыстырғанда бірнеше есе арттырылған. Бұған қоса бекітіп қойған жобалардың қымбаттауы жиі кездеседі. Түсініксіз себеппен құрылыстан басқа салада қымбаттау деген ұғым жоқ.
«Ұзақ талқылаулар мен ұсыныстар арқылы депутатар республикалық бюджет туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады. Сондай-ақ Мәжілісте Су кодексі туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Екі жылға жуық дайындалған құжат 121 бап, 14 тараудан және 6 бөлімнен тұрады. Бұл нормалар толыққанды жұмыс істеген жағдайда елімізде 2030 жылға қарай 10 млрд текше метр су үнемделуі тиіс. Бұл қалай іске асады? Елде 42 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 37-сі қайта жаңартылады. Сондай-ақ 14,5 мың шақырым ирригациялық канал қайта жөнделеді.
Міне осы істермен қатар, су арналарын цифрландыру көзделуде. Сонда кім қанша тұтынып жатқаны көрінеді. Орынсыз ысырапшылдық тоқтайды. Оған қоса суды үнемдеу технологиясын қолданғандар үшін субсидия көлемі ұлғайтылатын болыпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев