Хабар телеарнасы

БҚО-да су арнасы жөнделіп жатыр

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын дамытып, шабындықтар мен көлтабандарға су жеткізуде бірқатар жоба қолға алынған. Соның бірі - Азынабай-Тайпақ арнасын жаңғырту. Осы арқылы Жайықтың Бұқар бетінде бос жатқан 300 мың гектар жайылымды малға толтыруға мүмкіндік бар. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен соңғы 4 жылда 1,1 миллиард теңге бөлінген. Алайда құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. 

Ақжайық ауданында 18 ауылдық округ болса, соның 7-уі Жайықтың сол жағында орналасқан. Осы өзеннің Бұқар бетінде 300 мың гектардай жайылым бос жатыр. Ол жерлер құжат жүзінде ауылшаруашылық құрылымдарына тиесілі болса да, ешкім мекендемейді. Себебі малға су жоқ.

Ақылбек Сағитов, Ақжайық ауданының тұрғыны:

- Қазір шаруалар жерді алып жатыр, иеленіп жатыр да, бірақ су тапшылығынан қазір келіп, үй-жайларын, қора-жайларын сала алмай жатыр. Жер астынан тұщы су шықпаған кесірінен қазір шаруалар осы жаққа келе алмай тұр ғой.

Жайықтан 30-40 шақырым қашықтықтағы бұл өлкеге кезінде тіршілік нәрі Азынабай-Тайпақ арнасы арқылы жеткен. Алайда біраз жыл иесіз қалғасын бөгеттер бұзылып, қақпалары қолды болған. Жалпы ұзындығы 204 шақырым болатын суландыру жүйесі үш бөліктен тұрады. Біріншісі Жайық-Шалқар каналын реконструкциялау биыл басталды. Ащы-Азынабай каналы 2023 жылы іске қосылыпты. Ал Азынабай-Тайпақ каналын жөндеу жұмыстары 4-ші жыл жүріп жатыр.

Фариза Есқалиева, облыстық табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:

- 43 км каналды тазарту, 13 су жинайтын тоғанды тазарту, олардың арналарын көтеру жұмыстары қарастырылған. Сосын Қарауылтөбе ауылынан каналдың басына дейін 10 км электр желісін тарту, каналдың басында Аяқ су қоймасының реконструкциясы және жұмысшыларға арналған тұрғын үй, шаруашылық қойма құрылысы қарастырылған.

Азынабай-Тайпақ каналын жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша канал 2023-те тапсырылуы тиіс еді. Алайда тапсырыс беруші мен мердігер арасында медиативті келісім жасалып, құрылыс бір жылға ұзартылған.

Сейілхан Қазиз, мердігер компания басшысы:

-Азынабай-Тайпақ арнасы 80% дайын. Алдағы екі аптада толық жабамыз. Қателіктер бар түзетуге көрсетілген. Соларды бітіреміз де тапсырамыз. Гидроөткелдерде тұрбалар салулы, енді тек бетондау жұмыстары ғана қалды.

Дегенмен депутаттар мердігердің уәдесіне күмәнмен қарайды. Тұрғындардың арыз-шағымы бойынша тексеріске шыққан облыстық мәслихаттың көшпелі комиссиясы бір күнде арнаны аралап өтті. «Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді»,– дейді халық қалаулылары.

Нұртай Жұмашев, облыстық мәслихат депутаты:

-Биыл бұл жұмыс бітпейтін сияқты. Қазір көріп отырмыз, әлі 7 су өткел жасалмаған. Ең басында Аяқ су қоймасының басында су өткел турбалары қойылмаған, әлі жұмыстар бар. Әрбір жерде бір-екі-үш техника, одан басқа адамдары да жасап жатқан жоқ. Бетон жұмыстары суыққа қалып тұр ғой.

Азынабай-Тайпақ каналының мал шаруашылығын дамытуға ықпалы зор. «Тапсырыс беруші, яғни табиғи ресурстар басқармасы талапты күшейтпесе, осы маңызды жобаның жүзеге асуы тағы бірнеше жылға созылып кеткелі тұр»,– дейді депутаттар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов