Түркістан облысында өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді
Сақтықта қорлық жоқ. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында арнайы рейд өткізді.
Газ мамандары мен әкімдік қызметкерлері қаладағы тұрғын үйлерді аралап, пәтерлерде улы газға қарсы дабыл құрылғысы бар-жоғын тексерді. Түркістан халқы қауіпсіздік талаптарын қаншалықты сақтайды? Арнайы топ алдымен Отырар шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерге бас сұқты.
Отырар шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерге бас сұқты. Себебі мұнда көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылар тұрады. Мамандар мұндағы тұрғындар қауіпсіздікті сақтай бермейтіндіктен, шақырту да жиі түсетінін айтады. Тексеру барысында кейбір пәтерлерде дабыл қондырғысы болмай шықты. Соның бірі зейнеткер Зәмбибі Әйтімбетованың пәтері.
Зәмбибі Әйтімбетова, зейнеткер:
- Қай жерден шығып жатқанын білмейміз де, ол өзімізге қауіпті. Бұл кісілерге рақмет біздің қамымызды ойлап, бәрін істеп жатқандарына. Сигнал берсе, жүгіріп келіп көреміз. Қай жерден шығып жатыр, қай жерден шықпай жатыр. Бұл өте жақсы, қауіпсіз зат екен.
Тағы бір қала тұрғыны Айзада Әшімованың пәтерінде де улы газға қарсы дабыл қондырғысы орнатылмаған. Кейуана осы уақытқа құрылғы орнатуға мүмкіндігі болмағанын айтты. Мамандар ас бөлмесіне газқағар құрылғысын орнатып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Айзада Әшімова, зейнеткер:
- Иісі шығып тұратын, сосын не істерімізді білмей қалатынбыз. Енді мынау газдың балалары келіп, дабылқаққыш қойып кетті. Дабылқаққыш дыбыс берсе, содан білеміз енді. Газдың исі шықса, шиқылмайды екен. Рақмет балаларға.
Тексеру жұмыстарының нәтижесінде әлеуметтік аз қамтылған 150-ге жуық отбасының пәтерінде улы газға қарсы дабыл құрылғысы жоқ екені анықталды. Мамандар демеушілер есебінен тұрғын үй иелеріне газқағарлар құрылғысын орнатып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Әскер Сарбатов, облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
- Бүгін біз Түркістан қаласында әлеуметтік жағдайы осал таптағы отбасылардың баспанасына демеушілердің тарапынан, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 100 дана улы газды ескертетін құрылғылар қондыра отырып, жұмыстарды жүргізетін боламыз.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейд жылу беру маусымының соңына дейін жалғасады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш