Хабар телеарнасы

Соғыс ардагерлері мемлекеттік көмектен қағылып отыр

1980 жылдары Парсы шығанағындағы теңіз әскери операциясына қатысқан соғыс ардагерлері мемлекеттік көмектен қағылып отыр. Себебі төрт жыл бұрын қабылданған заңда Ауғанстанда интернационалистік борышын өтегендер, тәжік-ауған жерінде болғандар, тіпті Чехословакия, Таулы Қарабах, Ирактағы бейбітшілік миссиясына қатысқандардың бәрі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагеріне теңестірілген. Ал Иран-Ирак соғысы кезінде әскери теңіз флотында болған жауынгерлер бұл тізімнен тыс қалған. Бұл тарихи бейнежазба Парсы шығанағындағы соғыстың көрінісі.

Қазақстандық 50 шақты сарбаз осындай қиын әрі қауіпті жағдайда әскери борышын өтеген. Солардың бірі Бақытбек Ізбасханов. Аманөткел ауылының тұрғыны жарылғыш заттарды залалсыздандырумен айналысқан. Содан бері 44 жыл өтсе де ардагердің жадында сол кездер күні кешегідей жаңғырып тұр.

Бақытбек Ізбасханов, Парсы шығанағы соғысының ардагері:

- Таңғы алтының кезінде «американский танкер» жарылды. Ол енді бізге жақын жерде болды. Қауіпті де болды. Жан-жақтан азаматтық буксирлер де келді.

Бақытжан Сәкенов, Парсы шығанағы соғысының ардагері:

- Біз Персидский заливте болғанымыз анық. Болдық, көзбен көрдік. Әскери билетте көрсетілген. Біз Үкіметтен ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бізге сол жақта болғанымызды ескерсе.

Ал Бақытжан Жаханов әскери кемемен  үш жылда үш мұхитты және жеті теңізді жүзіп өтіпті. Қаруластарымен бірге ол су көліктері мен әртүрлі  танкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Соғысты бастан өткерген майдангер енді өз құқығы үшін күресуге мәжбүр.

Бақытжан Жаханов, Парсы шығанағы соғысының ардагері:

- 2019-дан бері депутаттарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жазғам. Солардан жауап болмайды дегенге келеді. Былтыр бір депутатқа жаздым. Одан жауап та келмеді. Кеңес уақытында Үкіметке үш жыл уақытымызды бердік. Запасқа шыққаннан кейін ешкімге керек болмай қалдық

Төрт жыл бұрын елімізде «Ардагерлер туралы» заң қабылданды. Бес санаттан тұратын құжатқа Парсы шығанағындағы соғысқа қатысушылар енбей қалған. Қызылордалық майдангерлердің мәселесін шешуге енді облыстық «Ардагерлер кеңесі» тырысып көрмек.

Мақсұт Баекеев, облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы:   

- Жағдай «Ардагерлер туралы» заңға 2020 жылғы 6 мамырда қабылданған толықтырулар мен өзгертулер енгізуді  қажет етеді. Сондықтан да Парламент депутатары бар министрліктер бар. Солар арқылы жұмыс жасауға тура келеді. Бұл бағытта біз Орталық кеңеске тағы да хат жазып, қолдау көрсетулерін сұрататын боламыз.

Ардагерлер көкейкесті проблемасына қоғам мен тиісті органдар назар аударса,- дейді. Себебі Отан үшін от кешкен жауынгерлер көп жылдан бері елеусіз қалып, мемлекет ұсынған игіліктен қағылып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев