4 желтоқсаннан бастап көліктің орташа жылдамдығын өлшейтін жүйе күшіне енеді
Көлік жүргізуші үшін маңызды ақпарат. Ертеңнен бастап елдегі көлік дәліздерінде орташа жылдамдық заңды түрде күшіне енеді. Бұл негізінен республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға қатысты. Демек сол учаскелерде темір тұлпардың тізгінін тым бос жіберсеңіз айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Үкімет осы шара арқылы көлік апаттарының санын азайтуға ниетті. Әр төртінші апат тап осы жылдам жүрудің себебінен болады екен. Орташа жылдамдық қай учаскеде, қалай есептеледі?
Бұл біздің көлік дәліздерінде болып жатқан жағдай. Оның салдары белгілі. Сұмдық апаттар, адам өлімі, жарақаттанған жандар, жарамсыз күйге түскен көліктер. Тек көлік тізгіндеуші емес, өзгелер де зардап шегеді.
Сандарға тоқталайық. Елімізде тек биылдың өзінде 17 мыңнан астам көлік апаты тіркелген. Соның 4,5 мыңы жылдамдықты асырғанн
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
-А пунктінен Б пунктіне жету барысында орташа жылдамдықты бұзған жағдайда белгіленген уақытта келмей ертерек келетін болса, қай уақытта, қай бағытта жылдамдықты асырғаны жөнінде жүргізушіге ұйғарым жіберілетін болады.
Сізге ондай хабарлама келсе, айыппұл төлеуге дайын болыңыз. Негізі жылдамдықты асырғаны үшін 18-ден 150 мың теңгеге дейін айыппұл көзделген. Орташа жылдамдық үшін де осы аралық негізге алынуы мүмкін.
Ғабит Шымырбаев, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Мәселе орташа жылдамдықты кіргізіп, айыппұлды алу емес. Жол көлік қауіпсіздігі. Санын азайту керек. Сол бойынша заңға орташа жылдамдық деген ұғым енгізіліп, осы бойынша бүгінгі күні жұмыстар жасалып жатыр.
Бізде орташа жылдамдықты есептеуге болатын 25 мың шақырым республикалық және халықаралық жол бар. Жаңа ереже әзірге соның 3 200 шақырымында қолданылады. Ол - қазіргі Астана-Теміртау, Алматы - Шымкент сияқты 17 учаскедегі ақылы жолдар. Себебі оларда көліктің жылдамдығын және оның нөмірін тіркейтін камералар бұрыннан бар.
Ғабит Шымырбаев, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Енді сол камераларды орташа жылдамдық бойынша қолдануға мүмкіндік беріп отырмыз. Шығын жасамай, қолда бар инфрақұрылымды ары қарай пайдалану.
Ескеріңіз орташа жылдамдық камераның алдынан өткен сәтіңіз емес. Ондай құрылғылар шамамен әр 50 шақырым сайын орнатылған. Міне сол аралықты қанша уақытта жүргеніңіз есептеледі.
Ғабит Шымырбаев, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Аралықты 20 минутта жүруіңіз керек мысалға. Егер сіз екі арканың ортасында 20 емес, 10 минутта жүріп өтсеңіз, сіз орташа жылдамдықты бұзып отырсыз.
Орташа жылдамдық енді күшіне енгендіктен оны есептеу тәсілі қосымша пысықталуда. Ол мәліметтер қосымша хабарланады. Ал қазір еліміздегі үлкен жолдарда 110, енді кей жерлерде 140 деген белгілер тұр. Мамандар әзірге соны бағдар ретінде ұстану қажет дейді. Бұл сандар қауіпсіз жылдамдық екенін уақыттың өзі дәлелдеген.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов