Елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды
Енді органдардағы бос орындарға орналасу үшін үміткерлер өтініштерін онлайн жібере алады. Бұрынғыша кезек күтіп, құжат тасып сабылмайды.
Азаматтарға арналған мүмкіндікті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді. БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз турын өткізген сала жетекшісі бірқатар жаңашылдықтармен бөлісті.
Әдетте бұл мекемеге тілшілер ресми жиынға келетін. БАҚ өкілдерін агенттік төрағасы өзі қарсы алды. Артынша мемлекеттік органдардың ашықтығын қамту үшін қолға алынған тың тұжырымдаманы баяндады.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Біздің іс-шарамыз мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл бойынша Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бар. Мемлекеттік органдар қоғамға, БАҚ өкілдеріне, масс-медиаға ашық болуы қажет деген. Сол себепті біз масс-медиа өкілдерін жинап, осында агенттіктің атқарылған алда атқарылар жұмыстарымен таныстырып отырмыз. Яғни біздің тікелей қандай жұмыстар жасалып жатқаны.
Енді бұл салаға келетін үміткерлерді қабылдау онлайн жүргізіледі. «еQyzmet» жүйесіндегі жоба бүгінде 44 мемлекеттік органда қолжетімді. Алдағы уақытта бастаманы барлық құзырлы мекемелерге енгізу жоспарланып отыр.
Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Жаңа жобада адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік лауазымға үміткерлердің деректері ID нөмірлер беру арқылы беймәлім болады. Заңнаманы білу, жеке құзыреттерін бағалау және мәтіндік-сандық тестілеу толығымен автоматтандырылған. Конкурстарға қатысудың онлайн кезеңдері үшін прокторинг жүйесі қолданылады. Айта кеткен жөн, бұл – ең алдымен азаматтардың уақытын үнемдеу, қағазбастылықтан арылудың тиімді тетігі.
Отандық жоғары оқу орындарының түлектері енді мемлекеттік қызметке іріктеуден өтпей-ақ қабылданады. Ол үшін диплом бойынша жинаған балы ескеріледі.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Қазіргі таңда біздің ЖОО бітірген 421 түлегіміз тікелей конкурстық тест тапсырмастан ауылдық, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға орналасты. Біз мұны ары қарай жалғастырамыз.
Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау мен сапалы қызмет көрсету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте агенттік қашықтықтан мониторинг жасау тәсілін тәжірибеге енгізген. Биылдың өзінде 85 мыңнан астам бұзушылық анықталып, 360-тан аса лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Кәмшат Мұхамеджан, Мерей Талап