50 мыңға жуық адам әкімдіктегі пәтер кезегінен шығарылды
Елімізде биыл 50 мыңға жуық адам әкімдіктегі пәтер кезегінен шығарылды. Себебі тексеріс кезінде олардың баспанасы бар екені анықталған. Ал кейбірі өзі тұратын өңірден көшіп кеткен. Бұл туралы бүгін Үкіметте айтылды. Отырыста тұрғын үй құрылысының дамуы мен халықты баспанамен қамтамасыз ету тетіктері де қаралды.
«Құрылыс саласы – Қазақстан экономикасының ең негізгі бағыттарының бірі. Биыл аталған салаға 7 трлн теңгеге жуық инвестиция салынған. 667 мың адам құрылыста еңбек етеді. 53 мыңнан астам кәсіпорын аталған салада кәсібін дөңгелетіп отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың сөзінше, елімізде биыл 11 айдың ішінде жалпы көлемі 16 млн шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға беріліпті. 160 мыңнан астам адам баспаналы болған.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
-Сонымен қатар осал топтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алу үшін 330 миллиардқа жуық теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 165 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10 мыңнан астам кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Халықты баспанамен қамтамасыз етудің тағы бір тетігі – тұрғын үй несиесі. Биыл осы мақсатта «Наурыз» бағдарламасы іске қосылған. Соған сәйкес биыл 300 млрд теңгеге 12 мың ипотека беру жоспарланған. Алайда жоспардың жартысы ғана орындалыпты.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ төрағасы:
-Екінші мәселе: бағдарламаға қатысу үшін салымшыда депозитінде 1 млн теңге болуы шарт еді. Конкурсты шешкен салымшы аз уақыттың пәтер құнының 20% салуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 2,5 мыңнан астам өтініштің 39% ғана 20% құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаларға қатысушылардың шотында 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді.
Ал қабырғасы ақталып, дайын тұрған үйді алам деушілерге алғашқы жарна 10% дейін төмендетілмек. Аталған ереже 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады. Тағы бір жаңалық, «Отбасы банктің» «Баспана маркет» порталына өз пәтерін сатылымға шығарған құрылыс компаниясы оның бағасын 1 жыл бойы бір бағада тұрақты ұстауға міндеттеледі. Биылғы «Наурыз» бағдарламасына құжат қабылдау 31 желтоқсанға дейін жалғасатын болды. Оған келесі жылы да 300 млрд теңге бөлінеді. Айта кетері, биылдан бастап «Отбасы банк» - тұрғын үй институты болып есептеледі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Маңызды міндет – баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін жаңарту. Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болуы қажет.
Министрліктің мәліметінше, қазір 650 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Құрылыс саласындағы тағы бір мәселе – үлестік құрылыс. Жауапсыз компаниялардың кесірінен бүгінде мыңдаған адам өз баспанасына қол жеткізе алмай жүр. Қазір елде жылдар бойы жұмысы тұралап қалған ондай 51 үй бар.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қазір Парламент Мәжілісі үлестік құрылыс бойынша Заң жобасын әзірледі. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтау қажет. Бұған қоса үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін тәуекелдерді толығымен жою тиіс.
Жиын соңында Үкімет басшысы Президент 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды тапсырғанын айтып, оған жету үшін кедергілерді жою керектігін жеткізді. Мәселен, инженерлік инфрақұрылым құрылысын жеделдетіп, баспана салуда отандық материалдар үлесін арттыру қажет.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин