Хабар телеарнасы

Қандыағашта мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында мектеп құрылысы тоқтап тұр. Ғимарат екі жыл ішінде қолданысқа берілуі тиіс болатын. Алайда жобасы 2019 жылы дайын болған білім ордасы әлі күнге дейін тапсырылмаған. Жүздеген бала сарғайып күтіп жүрген мектеп құрылысы қашан аяқталады? 

Таңғы сағат онға таяп қалды. Ал құрылыс алаңында қыбырлаған жан баласы жоқ. 2021 жылы салынып басталған ғимараттың әлі күнге дейін тіпті қабырғалары да қаланып бітпеген.

Дегенмен мердігер сырт көзді алдамсыратып, терезелерге әйнектерін орнатып қойыпты. «Жергілікті халық құрылыстың тұралап тұрғанына бірнеше айдың жүзі болды»,– дейді.

Манар Аманқұлова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Былтыр тек терезелерін қондырды. Бірақ арғы жағының барлығы бос болып тұр. Қалай салынып жатқанын білмеймін. Ештеңе жоқ ана жерде қарап тұрсаңыздар. Тек бір кран жұмыс істеп жатқан. Бір-екі адам жүреді.

Жаңадан салынып жатқан Самал, Болашақ және Нұрлыкөш шағын аудандарында бірде бір білім ордасы жоқ. Мыңға жуық оқушы ескі қаладағы мектептерге қатынап оқиды. Бүлдіршіндер күз бен көктемде балшық, қаһарлы қыстың боранында қар кешуге мәжбүр.

Жанар Жолмағамбетова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

-Менің ортаншы балам 7 оқиды. Одан кейінгі 6 оқиды. Кейде айтып қояды «Анашым, мына мектебіміз қашан ашылады екен? Ашылса жақсы болар еді»,– деп. Балаларға жағдай жасалса дейміз. Ішінде спорттық шаралар ашылса. Қиын негізі мектепке қатынау.

Қазір Қандыағаш қаласында 5 мектеп жұмыс істеп тұр. Барлығында да бала саны көп. Жергілікті әкімдік өкілдері білім ордаларында 1700 оқушыға орын тапшы екендігін жеткізді.

Бахраман Аманжол, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы:

-Егерде Самал мөлтек ауданындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, мектеп пайдалануға берілген жағдайда Самал мөлтек ауданындағы, Нұрлыкөш және Болашақ мөлтек аудандарындағы 868 оқушы осы жаңа мектептің ғимаратына тартылатын болады. Қазіргі уақытта осы мөлтек аудандағы жоғарыда айтқан оқушылардың барлығы 6 автобус арқылы тасымалданып отыр.

Мектеп құрылысы биыл да аяқталмасы анық. Бастапқыда 1 млрд 700 млн теңгеге бағаланған нысан құны материалдардың қымбаттауына байланысты 2 млрд 500 млн теңге болған. Тапсырыс беруші тиісті қаражат дер кезінде бөлінгенін айтты.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

-Қазір мына сәулет құрылыс бақылау басқармасының тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Сол тексерістің қорытындысынан кейін біздер осы заңға сәйкес өзіміздің міндеттемелерді орындамаған үшін хабарламалар беріп, одан әрі сотқа арызданатын боламыз.

Құрылыс басында төбе көрсетпеген компания басшысы қоңырауымызға да жауап бермеді. Жоспарға сәйкес, бұл ғимарат келесі жылдың қыркүйегіне дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов