Хабар телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында жетім өскен Валентин Пронькин баспаналы болды

Солтүстік Қазақстан облысында жетім өскен Валентин Пронькин баспаналы болды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жігіт туралы арнамыздың «Итоги» бағдарламасында айтқан болатынбыз. Хабар шыққаннан кейін мәселе шешімін тауып, бүтін бір отбасы жаңа қонысқа ие болды. 

Валентин Пронькин жастайынан жетім қалып, балалар үйінде өсті. Ер жетіп үйленді. Басында баспана болмағандықтан, талай жылдан пәтер жалдап жүр. Ең қызығы, 2005 жылы тіркелген үй кезегі жылжымақ түгілі, Петропавлдан Қызылжар ауданына ауысып кеткен. Оның бұл мәселесін «Хабар» арнасы көтеріп, бағдарламаға шығарды.

Валентин Пронькин, облыс тұрғыны:

-Мәселемді «Хабар» арнасы көрсеткеннен кейін әкімдікке шақырып, салынып жатқан үйлерді ұсынды. Барып көрдік. Ұнады. Бөлмелері кең. Ең бастысы басымызда баспана бар. Енді қоныстойын тойлаймыз.

Валентин Пронькинге Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылынан жаңа үй берілді. Бұл – Петропавлдан 20 шақырым жердегі елді мекен. Баспаналы болған отбасының қуанышында шек жоқ.

Айман Пронькина, облыс тұрғыны:    

-«Хабар» арнасының ұжымына алғыс айтамыз. Сонымен бірге Мәжіліс депутаты Юлия Кучинскаяның көмегі тиді. Енді бала-шағамызбен жаңа үйімізге көшіп келеміз.

Бұл мәселенің шешілуіне мәжіліс депутаты Юлия Кучинская да ықпал етті. Валентин Пронькиннің жағдайы айтылған бағдарламаға қатысқан халық қалаулысы жауапты органдарға хат жазып, тексеріс жүргізілген. Мәжіліс депутаты тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгертулер енгізілгенін айтты.

Юлия Кучинская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:    

-Енді кезекте тұрған адам пәтер жалдап тұруға субсидия ала алады. Яғни шығынның тең жартысы мемлекет есебінен төленеді. Мүгедектер мен көпбалалы отбасылар және жетім балаларға осындай қаржылай қолдау көрсетіледі.

Жаңа заңға сәйкес халықтың осал топтарына берілген жалдамалы үйді енді жекешелендіруге болады. Бұл санатқа ел бойынша 51 мың отбасы кіреді. Енді олар мемлекеттен берілген пәтерді сатып алып, өз атына аудара алады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков