Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салынады
Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салынады.
Құрылыс жұмыстары келесі жылдың бірінші тоқсанында басталмақ. Оған Үкімет 1,2 млрд теңге қаржы бөлді. 80 орындық білім ордасы Жаңаарқа ауданына қарасты Мыңадыр ауылында бой көтереді.
Қазір елді мекенде жұмыс істеп тұрған мектеп ғимараты бұрыңғы совхоз директорынан қалған. 60 оқушыға шақталған нысанда 120-дан астам бала оқып жатыр. Онда спортзал, шеберхана және зертханалық кабинеттер жоқ. Арнамыздың тілшілері бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, ауылдағы ағайынның жаңа мектеп салып беру туралы өтінішін билікке жеткізген.
Рымкеш Кокина, Мыңадыр ауылының тұрғыны:
- Мыңадырға мектеп салынады дегелі барлығымыз дүрлігіп, қуанып жатырмыз. Бұрылуға мұрша жоқ, өздеріңіз көріп отсыздар ғой. Бөлмелері тар. Асханасы керек, спортзалы керек. Мысалы, мәжіліс залы керек. Концертке келеміз жаңа жылда. Келсек, аядай жерде балалар сыймай, ыстықтап, терлеп-тепшіп қаламыз. Заман талабына сай мектеп салынса деп арман қуамыз енді.