Астанада Орталық Азия елдерінің орнықты даму мәселелері талқыланды
Жаһандық жылыну, Каспий теңізінің тартылуы мен Арал экологиясы мәселелерін шешу үшін Орталық Азия елдерінің үйлесімді жұмысы қажет. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысында айтты. Жиынға Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері мен сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың мамандары қатысты. Шара барысында жиналғандар да аталған бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Бүгінде ұлттық Парламенттердің орнықты даму мақсаттарына қосып отырған үлесі айтарлықтай артып келеді. Оның ішінде экожүйелерді сақтау, су және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты ерекше атап өткен жөн. Біз өңірдің үйлесімді, инклюзивті және теңгерімді дамуы үшін парламентаралық деңгейдегі бірлескен жұмысымызды одан әрі жандандыруымыз керек.