Хабар телеарнасы

Атырау облысында мектеп автобустарының тозығы жеткен

Атырау облысы, Құрманғазы ауданында балаларды мектепке тасымалдайтын автобустардың әбден тозығы жеткен. Ата-аналар балаларының денсаулығы үшін алаңдап отыр. Қыстыгүні аяз тұрса, көліктердің қозғалысы да қиындайды. Сондықтан елді мекендегі тұрғындар жиналып такси жалдауға мәжбүр. Жалпы аудан мектептеріне 13 автобус керек.

Құрманғазы ауданына қарасты Қарақұл ауылынының оқушыларының қыс бойы көретін қиындығы осы. Мектеп автобусының таңертең орнынан қозғалуы қиын. Автобус ауысым сайын мектепке 40-қа жуық оқушыны тасымалдауы тиіс. Бірақ жүргенінен тұрғаны көп. Осыдан 8 жыл бұрын пайдалануға берілген автобустың жылыту жүйесі де нашар. Жүргізуші қанша жөндегенімен, ескі дүние түзелер емес. 

Ғабиден Абдолов, автобус жүргізушісі:

- Жан-жағының бәрі тесілді. Радиатор бәлен ауысты. Ескі-құсқы автобустар бар іште. Солардан бірдеңелерін әкеліп саламын. Бірдеңе етіп жүргізіп жүрмін.

Қарақұл ауылының тұрғыны Светлана Қуанғалиеваның 4 бірдей немересі мектепке осы көлікпен қатынайды. Қазір күн салқын, жылыту жүйесі жоқ, түтіндеген көліктің жағдайы ата-аналарды алаңдатып отыр.

Светлана Қуанғалиева, ауыл тұрғыны:

- Автобус жоқ кезде ата-аналар бірігіп, мектеп әкімшілігі бар, олар да шығарады таксиге. Көбіне такси жалдаймыз. Балаларды сабақтан қалдырмауға тырысамыз барынша.

Құрманғазы ауданындағы 14 мектепте 11 мың бала білім алуда. Оның 726-сы 33 елді мекеннен тасымалданады. Ал бұған алынған автобустардың көбі 10 жылдан бері пайдаланылып келеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы жаңа автобустарға тапсырыс беріп қойғандарын айтады.

Еділ Баяров, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Бұйырса, осы желтоқсан айының аяғына дейін 5 мектепке, соның ішінде Сәрсенбаев жалпы орта мектебіне жаңа автобус берілетін болады. Алға қарай қалған 8 автобусқа бюджеттік сұраныс беріп қойдық.

Елді мекендерге қатынайтын жолға асфальт төселмегендіктен, жүруге қолайсыз. Осыдан екі жыл бұрын берілген америкалық үлгідегі сары автобустар қаңтарылып тұр. Сондықтан енді әрқайсысының бағасы 45 миллион теңге болатын асты биік, салқындатқышы мен жылытқышы бар көліктерге тапсырыс берілді, - дейді билік басындағылар.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин