Хабар телеарнасы

Павлодар облысында шырша саудасы қызып тұр

Биыл Павлодар облысында жаңажылдық шыршаларды жеткізумен жеті кәсіпкер айналысып жатыр.

Оның алтауы Ресейден 6 400 дана қылқан жапырақты ағаш түрлерін әкелген. Тағы бір кәсіпкер жеке тұқымбағында өсірген мың түп қарағайды саудаға шығарды. Жаңа жылдың басты нышаны қала бойынша 25 жерде сатылады. Бағасы биіктігіне қарай 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін барады. Көпшіліктің таңдауы көздің жауын алатын жасанды шыршадан, табиғи шыршаға көбірек түседі. Сондықтан мемлекеттік орман қорында күзет күшейген.

Өңірде қылқанжапырақты орманды қорғау акциясы басталды. Облыс бойынша 44 мобильдік топ құрылып, 10 бақылау бекеті ашылған.

Шәміл Елубаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы: 

- Инспекция мамандарымен алты рейдтік іс-шара өткізілді. Сонымен қатар мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл рейдтік іс-шаралар полиция қызметкерлерімен бірлесіп жасалады.

Климентий Квиртия, сатушы: 

- Менің шырша сатумен айналысқаныма үш жыл болды. Әдетте сауда желтоқсанның жиырмасынан ары қарай қыза түседі. 31-ші желтоқсанда келіп, шырша сатып алатындар бар. Әкелген шыршамыздың бәрі сатылып кетеді.