Хабар телеарнасы

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы қалай құбылуы мүмкін?

Жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен ет бағасы қалай құбылуы мүмкін? Елордалық тұрғындар еттің бағасы күнде өзгеріп, азық-түлік қымбаттағанын айтады. Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрлігінің жауаптары қандай? Биыл қанша делдал айыппұл арқалады? 

Азық-түлік, ет алуға шыққан елордалықтар бағада бірқатар өзгеріс барын байқаған. «Онсыз да шықпа-жыным, шықпа деп әрең отырған зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар үшін бұл жығылғанға жұдырық»,– дейді қала тұрғындар.

Бағаның біраз қымбаттағыны рас. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырмен салыстырғанда ет бағасы 3,4% өскен. Одан бөлек, жалпы азық-түлік бағасы 5,4% қымбаттаған. Тарқатсақ. Нан өнімдері мен жармалар 4% жуықтаса, сүт пен жұмыртқа 4% жоғары. Ал жемістер мен көкөністердің бағасы шарықтап тұр. 8,4%.

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

-Тек осындай жаңа жыл алдындағы мейрамдар алдында сұраныс көбейген сайын жекелеген кәсіпкерлер бағаны күрт көтеріп жібереді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын 1,2 есе емес, тіпті 450 есеге дейін ұлғайтқан жағдайлар кездесіп отыр. Біздің сауда комитетінің құзіретінде кез келген сауда үйін, сауда базарын, үй жанындағы дүкендерге мемлекеттік бақылау жүргіземіз. Бұл - сауда заңнамасының сақталуына қатысты мемлекеттік бақылау жұмыстары.

Биыл 4 мыңға жуық сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы айыппұл көлемі 35 миллион теңгеге. Оның тек жартысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын шектен тыс шарықтатып, заңсыз пайда көруді көздеген кәсіпкерлер.

Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жәрмеңкелерде саудалана бастады. Жалпы бүгінге дейін 1600 тонна тағам саудаланған. Жауаптылардың айтуынша, онда маңызы бар азық-түлік қана емес, сүт, ет өнімдері сатылған.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, мереке алдында азық-түлік пен ет бағасын төмендету үшін 400 жәрмеңке ұйымдастыруды жоспарлаған. Өткен демалыс күндері мұндай іс-шаралар Алматы, ШҚО, Қызылорда, Павлодар, Орал, Жетісу, Ақмола облыстарында өтті. Ірі қараның иесі ауылдан ат терлетіп тиеп әкелген малын бөлшек саудаға салмай, оны қалада бордақылап, жәрмеңкелерде базардағы бағадан тек 10-15% төмен сатқан. Жыл соңына дейін демалыс күндері тағы ұйымдастырылады.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

-Тұрақтандыру қорларының бағаны реттеудегі қызметіне аса көп сенім арттуға болмайды. Себебі тұрақтандырудағы азық-түлік көлемі, тұтынудағы көлеммен салыстырғанда тым аз. Сондықтан экономикалық тұрғындан бағаны төмендетіп жіберудегі әсері екіталай. Жыл бойындағы өндіріс есебінен отандық өндірістің тұтыну бойынша барлығын 80-нен 100 пайызға дейін қамтамасыз етіп отырмыз.

Егер тұтынушы тым қымбат баға көрсе немесе сөредегі тауар арзан, ал сатып аларда бағасы қымбатырақ болып шықса, жауапты министрлікке шағымдана алады. Egov-тан е-өтініш немесе е-тұтынушыға кіріп, сауда және интеграция министрілігіне арыз қалдырса жеткілікті.

Авторлары: Диана Қадыр, Бауыржан Ебелеков