«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында дәріс оқылды
«Әділетті Қазақстан – Адал азамат». Осындай тақырыппен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясында жастарға арнап дәріс оқылды. Оған Елорданың үздік оқушылары мен студенттері және «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» тыңдаушылары қатысты. Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жастардың мемлекеттік қызметке келуіне жасалған мүмкіндіктер жайында толық мағлұмат берді.
Бұл залда кезінде Сенат депутаттары ел үшін маңызды бірнеше заң қабылдаған еді. Енді жастарға есігін ашты. Бүгінгі дәрісті тыңдауға 9-сынып оқушысы Нұртілеу Сүйінбай да қатысты. Үлкен залға қобалжи кірген ол, қатарластарын көріп қуанып қалды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы жастарға отансүйгіштік пен тәрбие, адал қызмет жайында көп айтты.
Нұртілеу Сүйінбай, 9-сынып оқушысы:
-Болашақ осы біздің – жастардың қолында екендігі, осы бізге болашақ ұрпаққа сенгені маған қатты ұнап жатыр. Менің тоқталып кететінім осы М. Жұмабаев, М. Дулатов сынды Алаш зиялыларының «Мен жастарға сенемін!» деген сөзін осы жерде сезе алдым.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биыл мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-29 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді. Оның бір тармағы – жастарды ерте кезден мемлекеттік қызметке дайындау, бейімдеу.
Сламқұл Жүсіпәлі, 4-курс студенті:
-Мемлекеттік қызметке жас, яғни көзінде жалыны бар жастар көптеп қажет деп ойлаймын. Себебі біздің елімізге дәл қазіргі таңда шешілмей жатқан проблемалар және де түйіткілі әлі де ұзақта жатқан мәселелер өте көп. Сол жерде жастардың да креативті ойлары көптеп көмектеседі деген ойдамын.
«Президенттік жастар резервінен бастап, e-Qyzmet порталына дейінгі қадам жастардың мемлекет ісіне араласып, басқару тетігін игеруіне мүмкіндік дейді»,– агенттік төрағасы.
Дархан Жазықбай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Оның ішінде грантпен, JPI көрсеткіші жоғары бітірген түлектерді мынау төменгі лауазымдарға, яғни аудандық, ауылдық, әкімдіктерге және мынау облыстық маңызы бар қалаларға конкурстық іріктеусіз тест тапсырмастан тікелей тағайындау. Бұл бойынша қазір бізде міне, 1,5 жыл болды. Соның ішінде 500-ге жуық біздің түлектеріміз сол аймақтық деңгейдегі мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасып жатыр.
Ал мемлекеттік қызметкерлер арасында жастардың үлесі 35% жуықтайды. Демек 28 мыңнан астам жас маман ел үшін еңбек етіп жүр.
Авторлары: Алуа Маханбет, Айдос Меделбеков