Биыл Алматыда бюджеттің 7 млрд теңгеден астам қаржысы үнемделді
Биыл Алматыда бюджеттің 7 млрд теңгеден астам қаржысы үнемделді. Оның 2,5 млрд теңгеге жуығын волонтёрлар мен түрлі қоғамдық қауымдастық өкілдері анықтаған. Осылайша мемлекеттік сатып алу шарттарын жіті талдаған мамандар бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Арман Рахимов хабарлады. Ал заң бұзушылар туралы ақпарат берген 6 адамға ақшалай сыйлық табысталды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру барысында экономика, құрылыс және мемлекеттік мүлікті басқару сияқты негізгі салаларға 80-нен астам ұсыныс әзірленген. Соның нәтижесінде ұзаққа созылған үш нысан қолданысқа берілді. Сала мамандары «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермеу үшін, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек деп санайды.
Арман Рахимов, СЖҚІҚ агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы:
-Мемлекеттік сатып алу лотына қаралған қаражат едәуір жоғары болса, біз соған тиісті шара қолданып, сол мемлекеттік сатып алу жариялаған органдарға ұсыныс енгізіп, сол мемлекеттік сатып алу рәсімін қайтадан қарауға ұсыныс жібереміз.