Хабар телеарнасы

СҚО-да шыршаны кескендер жазаланады

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жылдың алдында орман күзеті күшейтілді. Өңірде қылқан жапырақты ағаштарды қаскөйлерден қорғау үшін 100-ден аса мобильді топ пен бақылау бекеті құрылды. Олар мереке қарсаңында қарағай алқаптарын аралап, күні-түні рейдке шығады. 

Солтүстік Қазақстан облысында 550 мың гектар мемлекеттік орман қоры бар. Қазір табиғат жанашырлары үшін қауырт кезең басталды. Олар жаңа жылдың алдында қарағай алқаптарын шарлап дамыл таппайды. Өйткені кесілген бір шырша қоршаған ортаға орасан зол залал болып саналады.

Қайрат Халықов, Қызылжар орман шаруашылығының директоры:

- Қылқан жапырақты болғаннан кейін бір кесілген шыршаны өсіру үшін, мысалы 4-5 метрлік ағаш қылып өсіру үшін 8 жылдай уақыт керек. Өйткені қылқан жапырақты ағаш қайың ағашы сияқты өзінен-өзі тамырынан өсе қоймайды.

Өңірде 100-ден аса мобтльді топ пен бақылау бекеті құрылған. Олар қаңтардың біріне дейін кезекшілік етеді. Мереке қарсаңында полиция қызметкерлері де күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Тәртіп сақшылары «Шырша» жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр.

Виталий Охрименко, облыстық ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

-Облыс бойынша 50 сауда нүктесі тексеріліп, 40 әкімшілік хаттама толтырылды. Олар шыршаның заңсыз сатқан. Алғаш ұсталғандарға ескерту жасаймыз. Ал екінші рет қолға түссе, 5 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салынады.

Елімізде ағашты заңсыз кескендерге қатаң жаза қарастырылған. Қазір бір қарағайға 400 мың теңгеден аса айыппұл салынады. «Сондықтан тұрғындар оны сатып алуға немесе үйге жасанды шырша қоюға тырысады»,– дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков