Хабар телеарнасы

Ұшақтың жыры бітер емес

Маңғыстаудағы Құрық портының жанынан кеме құрастыратын зауыт салынады. Себебі бізде жүк таситын лайнерлер жетіспейді. Мұны бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Жиында депутаттар көлік-логистика саласының әлеуетін талқылап, министрдің есебін тыңдады. Әсіресе әуе қатынасындағы түйткілді мәселелер қызу талқыланды. 

Депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana компаниясының бас директоры Питер Фостерға шүйлікті. Олай болатын жөні де бар. Себебі олардың әуе билеттері күн сайын емес, сағат сайын қымбаттайды. Одан қалды ұшақтардың кешігуі, тіпті ұшпай қалу жиілеген. «Бірақ қанша сын айтылып жатса да, түзеліп жатқан жоқ»,– деп налиды депутат.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Шынында да, Air Astana біздің аспанның Құдайы болып алған. Билеттің бәрі жақындаған кезде көтеріледі, ол деген арақашықтыққа байланысты деген бос әңгіме ғой. Билет жақындаған кезде көтерілмеу керек. Керісінше бағасы түсуі тиіс. Себебі ол билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс жасайды. Мына Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз деген мына шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттік заңына бағынуыңыз керек!

Ал шетелдік инвестор биыл өзіне қарасты лоукостер билеттерінің 20% 10 мың теңгенің маңайында, қалғандары 15 мың теңгеден жоғары сатылғанын айтады. «Компанияға монополист деп айып тағу да негізсіз»,– деп отыр.

Питер Фостер, Air Astana компаниялар тобының басшысы:

-Ең алдымен Air Astana компаниялар тобы монополист еместігін атап өткім келеді. Өйткені 2011 жылдан бері ішкі монополия жойылды. Қазір лицензияланған 4 компания жұмыс істейді. Осы жылдың қарашасына дейін FlyArystan 4 млн-нан астам жолаушы тасымалдады. Оның ішінде 3 млн 800 мыңы ішкі рейстер болса, 270 мыңы халықаралық бағыттар. FlyАrystan Air Astana-ға қарағанда ішкі нарықтағы әлдеқайда ірі оператор саналады. Себебі Air Astana қазіргі уақытта негізінен халықаралық бағыттарды дамытуға басымдық береді.

Теміржол саласының да жағдайы мәз емес. Қызмет көрсету сапасының төмендігіне қарамастан, мұнда да билеттер жыл сайын қымбаттап барады. Жолаушылар вагондарының жартысына жуығы тозған.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Енді бұл жолаушылар вагондары жайлы білесіздер. Санитарлық жағдай жоқ. Бұл мәселені мен жақсы білемін. Кезінде Алматы-Ленинград, Алматы-Саратов, Алматы-Москва пойызында проводник болғанмын. Сол вагондар әлі жүр. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды жаңа жайлы вагондармен қамтамасыз етуі тиіс.

Көлік министрі: «Вагондарды жыл сайын жаңартып жатырмыз»,– дейді. Ал ел Үкіметінің алдында қазір Қазақстанды Еуразиядағы басты көлік-логистика хабына айналдыру міндеті тұр. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Бүгінде еліміз арқылы 13 халықаралық дәліз өтіп жатыр. Олардың 5-і теміржол, 8-і автомобиль жолдары. Аталған бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданыпты. Биылғы жоспар – оны 34 млн тоннадан асыру. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 74 млн тоннаға жеткізу керек. «Бірақ кей депутаттар жүк көліктерінің пайдасынан гөрі, зияны көп»,– дейді.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Шетелден келген жүк көліктері ақылы жолдан өтсе де, біздің азаматтарымызбен бірдей ақы төлейді. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, біз бюджеттің есебінен субсидиялайтын арзан жанармайды тұтынады. Үшіншіден, тас жолдарымыздың тас-талқанын шығарады. Бұл үлкен проблема. Осыған қатысты транзиттік жүк көліктерінен бюджетке қанша қаржы түсіп жатырғанын нақты айтсаңыз.

Ал Көлік министрі олардан қыруар қаржы түсіп жатқанын айтады.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Жалпы былай есеп жасағанда, бір көліктен елде жүргенде 500 мыңға дейін ақша түседі деген болжам бар. Оның жаңағы жанармайы бар, басқасы бар, бәрін есептегенде. Сонда біздің елден 1,5 млн көлік жылына өтетін болса, біздің ішкі өнімдегі үлесі 750 млрд теңгені құрайды.

Елімізде соңғы жылдары Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуеті артып келеді. Бүгінде оның өткізу қабілеті – жылына 6 млн тонна жүк. Тауарды жеткізу мерзімі де 3 есе қысқарып, 60 күннен 15 күнге дейін азайған. Бірақ бұл бағытта бірнеше мәселе бар. Жүк көбейген сайын Ақтау және Құрық порттарында контейнерлер және оларды сұрыптайтын орын жетіспейді. «Мұны министр, шетелдік инвесторлардың көмегімен шешуге болады»,– дейді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Келесі негізгі мәселелердің бірі – отандық флоттың жетіспеушілігі. Бүгінде Құрық–Алят қатынасында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. Қазірдің өзінде бізге ең кемінде 7 бірлік кеме қажет. Оның өндірісін қалыптастыру үшін түркиялық YDA және ASFAT компаниялары Құрық портының жанында арнайы зауыт құрылысын жоспарлап жатыр.

«Қабылданып жатқан шаралардың барлығы еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттырып, одан түсетін табысты еселеуге мүмкіндік береді»,– дейді министр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Таир Мерекенов