Елімізде медицина саласында еңбек етіп жүрген 277 мыңнан астам қызметкер бар
Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні. Бүгінде елімізде осы салада еңбек етіп жүрген 277 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Ал жыл сайын 8 мыңға жуық жас маман дайындалуда. Әлі де тапшылық жоқ емес. Бар. Бірақ оқуы қиын болса да, осы саланы таңдап, еңбектегі бақытын, өмірдегі ғашығын да медицинадан тапқан дәрігерлер де аз емес.
Бақберген Мамасариев — №2 көпбейінді қалалық ауруханада травматолог-дәрігер. Таңғы 08:00-ден науқастарының жағдайын біліп, әрқайсысының көңіл-күйін сұрап шығады. Одан кейінгі жұмысы ота бөлімінде жалғасады. Рентген сәулесінен қорғану үшін кемі 8 келі салмағы бар, мына қалқанды киіп алады.
Бақберген Мамасариев , №2 көпбейінді қалалық ауруханада травматолог-дәрігері:
-Сүйек сынған кезде оның қасында бірнеше қан тамырлары мен бірнеше нервтары болады. Егер біз ота кезінде сол операцияны өте ұқыпты жасамасақ, онда сүйектің сынған жарықшақтары сау тұрған қан тамырларын жарақаттайды. Сондықтан біздің травматологиялық операция ұқыптылық пен дәлдікті талап ететін мамандық.
Бақберген Мырзатайұлының науқастарына кейде қан құю керек болады. Ал қанды елордадағы трансфузиология ғылыми өндірістік орталығынан алады. Дәл осы орталықта оның зайыбы Мақпал Әнәпия жұмыс істейді. Дәрігер-трансфузиолог әр келушіні жеке қабылдап, оның донор болатыны не болмайтыны туралы шешім қабылдайды.
Мақпал Әнәпия, «Трансфузиология ҒӨО» РМК трансфузиолог-дәрігер:
-Маған өз жұмысым өте ұнайды. Себебі бұл өте маңызды сала. Қан құю барлық науқасқа жасалына беретін процедура емес. Бұл өлім мен өмір арасында жатқан науқастарға құйылатын болғандықтан, адам өмірін сақтауға үлес қосып жатқаныма қуаныштымын.
Бір отбасындағы екі дәрігердің де жұмысы қауырт әрі маңызды. Десе де, екеуі отбасылық құндылықты жоғары қойған. Қазір үш бала тәрбиелеп отыр. Отағасы күн-түн, демалыс дегенді білмей еңбек етсе, отанасы қызмет пен бала тәрбиесін қатар алып жүр.
Мақпал Әнәпия, «Трансфузиология ҒӨО» РМК трансфузиолог-дәрігер:
-Медицина саласында қызмет етіп жатқан адамның қызметін, медицина саласындағы адам көбірек түсінеді деп ойлаймын. Себебі түнгі ауысымдары бар. Әрине, ұзаққа созылатын операциялары бар. Соның барлығына өзім дәрігер болғандықтан, түсіністікпен қарап, адам өмірін құтқаруға үлесі қосып жатқандықтан, әрине мен қуанамын және түсінікстік танытуға тырысамын.
Түсіністік танытуға тура келеді. Себебі медицина саласында қордаланған мәселе де жоқ емес. Биыл Президент қол қойған жаңа заңда медицина қызметкерлерінің құқығын қорғап, қолдауға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ден қойылған. Бір ғана мысал, ауылдық жерге кемінде 5 жылға аса тапшы мамандыққа жұмысқа барған дәрігерге біржолғы шамамен 8,58 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.
Авторлары: Алуа Маханбет, Азамат Саметов