Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында жұмысшы мерт болды. Өңір жаңалықтары
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында жұмысшы мерт болды. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға кеше болған. Цехтің жабдықты жөндеу шебері жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Әзірге оқиғаның қалай болғаны белгісіз. Оның бас сүйегі мен жамбасы сынған. Энергетикалық комбинаттың баспасөз қызметі деректі растады. Еңбек заңнамасы аясында қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды.
Қарағандыда туристік компания басшысы 4,5 жылға сотталды.
Ол 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың тамызына дейін 21 адамды алдаған. Алдын ала туристік қызмет көрсету шартын жасасып, шетелдерге жалған жолдама сатқан. Сөйтіп жәбірленушілердің 24 млн теңгеден астам ақшасын жымқырған.
Қызылордада дәрігерлер 10 жыл бойы әлеуметтік төлемді ала алмай келген. Сондықтан облыстық фтизиопульмонология орталығының 54 қызметкері сотқа жүгінді. Заңға сәйкес, аса қауіпті топқа жататын қызметкерлерге 5% көлемінде міндетті төлем жасалуы керек еді. Сот шешімімен 36 миллион теңге әлеуметтік төлем өндірілетін болды.
Алматыда базар мен көше бойындағы қаптаған құжатсыз отшашу сатумен күрес жүріп жатыр. Құқыққорғаушылар 5 желтоқсаннан бері сертификаты жоқ 685 келі пиротехника құралдарын тәркілеген. Жаңа жыл қарсаңындағы рейдтің бірінші кезеңі 17 желтоқсанға дейін жүргізіліпті. Екінші кезеңі 3 қаңтарға дейін жалғасады. Сақшылар мен төтенше жағдай департаменті өкілдерінен 145 топ жасақталып, олар 17 базар мен көше бойындағы сауда нүктелерін аралап, 46 рейд жүргізген.