Хабар телеарнасы

БҚО-да кәсіпкерлерге қаржы жетпей жатыр

Өз ісімді өркендетіп, кәсібімді ашсам деген ауылдағы ағайынға «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегі мол. Былтыр Батыс Қазақстан облысында 6,5 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесі беріліп, мыңнан астам жұмыс орны ашылған еді. Биыл да өңірге 6,3 миллиард теңге бөлінді. Алайда бұл қаржы тұрғындарға жетпей отыр.

Кәсіп түбі нәсіп. Өз ісімді өркендетіп, табыс көзін молайтсам дейтін азаматтар ауылда аз емес. Алайда олардың көпшілігі келте жіпті күрмеуге келтіре алмайды. Міне сондай азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы тамаша мүмкіндік сыйлады. Сырым ауданы Көгеріс ауылындағы мына қаз фермасы – сөзіміздің айғағы.

37 жастағы Мереке Меңжанов бағдарлама бойынша 13 миллион теңге несие алған. Ол қаржыға Башқұртстаннан 5 мың балапанды жеткізіпті. Жаз бойы қанаттыларды күндіз жайып, түнде қамап бағыпты. Уақтылы дәрумендерін беріп, екпелерін салған. Қарашадан бері шетінен сойып, келісін 3 мыңнан сауда сөрелеріне шығара бастаған. Қазір 5 мың бастан 800-і қалыпты. «Қой баққаннан қаз баққан тиімді»,– дейді кәсіпкер.

Мереке Меңжанов, кәсіпкер:

-Қаз етіне сұраныс бар. Өнімді базарларға, дүкендерге өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта супермаркеттерге кіргіземіз деп келісім жасап жатырмыз. Ол үшін сертификат алуға құжат жібердік. Қаздың мамығы киім тігуге, тігін саласында үлкен сұранысқа ие. Биыл мамықты Қостанайдағы фирма сатып аламыз деп келісім шартқа отырдық. Қаздың аяғына дейін сұранысқа ие. Қытайлықтар вакумдасаң, сыртын тазаласаң, контейнермен алып кетеміз деп отыр.

Ал Тоғанас ауылының тұрғыны Батырбек Қатияр 6 млн теңге жеңілдетілген несиеге бөдене өсіруді бастапты. Тарғыл жұмыртқаларды дүкендерге шығарса, етін тапсырыспен жеткізеді екен. «Бөдененің емдік пайдасы мол дейді»,– жас кәсіпкер.

Батырбек Қатияр, кәсіпкер:

-Калориясы тауық жұмыртқасының 2-3-іне тең. Көптеген дәрумендерге бай. Асқазан, простатит дейміз ғой, соларға таптырмас ем ретіннде қабылданады. Иммунитетті көтеруге тұмау кезінде. Шикілей ішсе, көп пайдасы тиеді.

Биыл Сырым ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен осылайша несие алып, өз кәсібін ашқысы келетін 57 тұрғынның жобасы мақұлданған. Алайда тек 3 жобаның жолы болған. «Қалғанына қаржы жоқ»,– дейді аудан басшылығы.

Қайрат Төлепов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары:

- Қалған жобалар құжаттарын бәрін тапсырып қойдық. Күтіп отырмыз. Қаржы берілгесін тиісті жұмыстарын жалғастырамыз. Қаржы түскен жағдайда да салатын бау-бақша болсын, өндіріс көлемін ашуға жабдықтар алу болсын, сатып алуға байланысты, келесі жылға қалатын болармыз.

Биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 6,3 млрд теңге бөлінген. Оның өзінде тек тамызда берілген 1 млрд теңге игеріліпті. Ал жуырда желтоқсанның басында келген 1,5 млрд теңге әлі ауылдағы ағайынға жетпеген.

Қазбек Ұзықанов, «Ақжайық» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

-Биыл 175 жоба 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылды. Оның 1 млрды жоғарыдан келсе, 500 млнын револьверлік тәсілмен былтырғы несиелердің қайтарылған сомасынан тауып бөлдік. Соңғы транш желтоқсанның басында 1,5 млрд теңге келді. Ол қаржыны 2025-тің алғашқы тоқсанында игереміз.

Мамандар келесі жылы аталған бағдарламаға қаржы уақытылы бөлінетінін айтады. Ал жалпы соңғы екі жылда «Ауыл аманатының» арқасында өңірде мың жарымдай жаңа жұмыс орны құрылған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Аюпов