Ақтөбе облысында бірнеше дәрігерлік нысан ашылды
Ақтөбе облысында жаңа жыл қарсаңында бірнеше дәрігерлік нысан ашылды. Алға және Мәртөк ауданының шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп отыр. Әлеуметтік нысандар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
Алға ауданының Қарабұлақ елді мекенінен бой көтерген мына медициналық нысанда 340 тұрғынға қызмет көрсетіледі. Күніне 25 науқасты қабылдауға қауқарлы. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Дертіне дауа іздеген ауыл халқы бұрын қарапайым талдауларға бола орталыққа сабылатын.
Жұмагүл Байтанова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
-Кішкентай болды. Кішкентай-кішкентай, шағын-шағын 3-4 бөлме ғана. Құрал-жабдықтары да аз ол жерде. Жоқтың қасы. Бұрыннан бері келе жатырғандар. Қазір енді мынаны көргенде өте қуанышты болып тұрмыз. Ішінде қаншама құрал-жабдық бар екен. Оның барлығы іске қосылса, біздің ауылдың жағдайы бұрынғыдан да жақсарады деп ойлаймын.
Мұндай медициналық пункт Тоқмансай ауылы мен Мәртөк ауданына қарасты Байторысай елді мекенінде де ашылды. Төрт жүзден астам тұрғыны бар ауыл халқы үшін бұл көптен күткен жаңалық. Себебі шалғайдағы ауылға жолдамамен келген жас мамандарға бұрынғы дәрігерлік нысынның ескі материалдық-техникалық базасы қолбайлау болған.
Дастан Әлжан, Байторысай ауылдық медициналық пунктінің фельдшері:
-Ауылдық жер болғандықтан бұл жерде учаскелік жұмыс жасалады. Флюра өту, скрининг, алғашқы медициналық көмек. Емханада не жұмыс жасалады соның барлығы кіреді ғой. Біз де қадағалап, қарап отырамыз. кішкентай нәрестелер, аяғы ауыр әйелдердің де жағдайларын көмек көрсетіп қарап отырамыз.
Ақтөбе облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 24 медициналық нысан салынады деп жоспарланған. Оның 11-і биыл қолданысқа берілді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов