«Отбасы банк» жылды қорытындылады
Тиімді ипотекалық бағдарламалар, рекордтық көрсеткіштер, баспаналы болған ондаған мың отбасы. Қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге үлкен көмегін тигізіп жүрген Отбасы банк үшін 2024 жыл ерекше нәтижелі болды. Елімізде берілетін ипотеканың 55% үлесін қамтып отырған қаржы институты, келесі жылы да көкжиегін кеңейтіп, жаңа бағыттарға маңызды қадам жасамақ.
Тұрғын үйді несиелендіру нарығында «Отбасы банкінің» беделі бұрынғыдан да арта түсті. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы биыл 10 мың жанұя қоныстойын тойлауға мүмкіндік алды. Жыл басынан бері банк рекордтық көлемде несие беріп, соның нәтижесінде 70 мыңға жуық қазақстандық жеке баспанасын сатып алды. Оның дені жаңа салынған үйлерден.
Жанерке Самат, қала тұрғыны:
-Ата-анам негізінде 2014 жылдан бері маған счет ашқан. Сол счет ашылғаннан кейін өзім 18 жасқа болғаннан кейін өзіме берген болатын. 18 жастан бастап өзім ақша жинай бастадым.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларын іске қосу кезінде банк бастапқы тұрғын үй нарығында бағаның өсуін тежеуге көмектескен және пәтер сатып алу процессін жеңілдеткен «Баспана маркет» порталының қызметін жетілдірді.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз бұл жұмысты жалғастыра түсеміз. Келесі жылы тағы бір опцияны іске асырсақ деген жоспарымыз бар. Егер құрылысты жүргізген компания пәтерді таза әрлеумен бітіріп, порталға шығаратын болса, алғашқы жарна 20% емес, 10% болады.
Биыл Отбасы банк қазақстандықтарға білім алуға қаражат жинауға көмектесе бастады. 68 мың «Ақыл» депозиті ашылды. Сонымен қатар болашақта тұрғын үй алу мақсатымен 560 мың адам жаңа салым ашқан. Жалпы банкке 2 млн 800 мың қазақстандық сенім артып, өз депозиттерін жинауда. Келесі жылы «Ұмай» мен «Жасыл ипотека» бағдарламалары іске қосылмақ. Оларға қатысу үшін азаматтар қазірден бастап белсенді түрде депозит жинай бастауы қажет.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев