Түркістан облысында қылмыстық топ анықталды. Өңір жаңалықтары
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаған қылмыстық топ анықталды. Олар қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 450 метр болатын тунель қазып, құбыр тартқан. Күдіктілер бензинді жүк көлігімен сол жерге апарып, көрші елге жіберіп жатқан сәтінде ұсталды. Екі ай уақыт ішінде құбыр арқылы күн сайын 5-7 тонна жанар-жағармай жөнелтілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Жаңа жыл қарсаңында заңсыз шырша сататындар көбейеді. Сондықтан Ақмола облысының орман сақшылары қылқан жапырақтыларды қорғау шараларын күшейтті. Өңірдегі орман алқаптары мен кіреберіс жолдарға 21 бақылау бекеті қойылып, 105 мобильді топ құрылды. Шыршаны заңсыз кескендерге 55 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Қарағанды облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы 200 балаға жаңа жылдық шырша ұйымдастырды. Мерекелік іс-шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы отбасылардың және апаттан қаза тапқан кеншілердің балалары шақырылған. Ертегі кейіпкерлері мен аниматорлардың қатысуымен түрлі қойылымдар ұйымдастырылып, әр балаға сыйлықтар табыс етілді.
Биыл Жамбыл облысында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 10 миллиард теңге жұмсалды. Бұл қаржыға Тараз қаласы мен аудан, ауылдарда көше, саябақтар абаттандырылды. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы облыста сенбіліке 800 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Олар 150-ге жуық саябақ пен скверді, 829 шақырым канал мен арық жүйесін, 137 мыңнан аса ауланы қоқыстан тазартқан.