Хабар телеарнасы

Жылан жылы қандай болмақ?

Келе жатқан жылан жылында әлемде соғыс аяқталып, нәтижелі келіссөздерге қол жетеді. Адамзат бұл жылы материалдық байлықтан гөрі, рухани құндылықтарға ден қояды. «Елімізде экономикалық тың өзгерістер болып, медицина саласы мен мұғалімдердің жалақысы өсуі мүмкін»,– дейді жылан жылына болжам жасап отырған нумерологтар. Жалпы жылан жылы қандай болмақ? 

Бұл - кәсіпкер Салтанат Жұбаеваның Графиня есімді жыланы. Питонның салмағы 30 келіден асады, ұзындығы 3 метр. Графиня Салтанаттың екінші жыланы. Оны осыдан 3 жыл бұрын 1 млн теңгеге сатып алған. 5 жасында циркте жыланмен билеген қызды көргенде: «Өзімде де болса» деп армандайды. Биыл бауырмен жорғалаушыны қолға үйреткеніне 13 жыл болыпты. «Жыланның қасиеті адамның ойы мен ниетін жақсы сезеді»,– дейді ол.

Салтанат Жұбаева, Атырау қаласының тұрғыны:

-Біз бұлардан қорқып жатсақ, бұлар бізден қорқады екен негізінде. Көп адам отыратын жерден, көзден таса болып жүргісі келеді. Жаңағыдай үйге қонақ келіп жатса, үйде бір бұрышта жата қалады деген сияқты. Сондай мінездері бар. Өте таза жануар. Адал болады иесіне.

Жылан - суыққанды, сабырлы, ақылды бірақ қулығы да бар. Шығыс жылнамасына сенсек, жылан жылы туылғандардың бойында да осындай қасиет кездеседі екен. Ал Қазақ тарихындағы ХХ ғасырда жылан жылы - Қазан төнкерісі, әлемдік экономикалық дағдарыс, Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталып, 1989 жылы Кеңес Үкіметі ыдыраған кезеңмен белгілі. Бірақ тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай келеңсіз оқиғалар болмаған. Ұлтымыздың аңыз-жырларында, мифологиясында да жылан - байлық пен тұрақтылықтың қожайыны.

Өмірбай Бекмағанбетов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты:

-«Қазақтың өзінің ырымында сол жылдары данышпандар өмірге келеді, ғалым өмірге келеді»,– деп іштей жорамалдап отырған және сол жылға үлкен үмітпен қараған. Мысалы, қазақта бір жақсы сөз бар. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады деген. «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды» деген сияқты мәтелдер елдің есінде жақсы сақталған. 

Нумерологтардың да болжамы жақсы. Олардың есебінше, алдағы жылдың саны - 9.

Жалпы тоғыз қандай сан? Бізде нумерологияда оқу, білім, ізденіс, рухани сан. Сол себепті көпшілік өзінің миссиясын іздеуге, балалар ізденіп, кітапханаға баратын жыл деп үміт күтудеміз. Көп адам рухани өсуге ұмтылады осы жылы. Өйткені 2024 - материалдық жыл болса, 2025 - рухани, екі деңгей баланста болатын жыл. 

9 - аяқтаушы, қорытындылаушы сан болғандықтан «2025 жылы - әлемді өз назарында ұстап отырған қақтығыстар аяқталып, тараптардың бір келісімге келуі ықтимал»,– дейді мамандар.

Құралай Бақыт, нумеролог:

-Одан бөлек шет тіліне, экологияға мән беретін жыл. Медицина, оқу қызметкерлерінің жалақысы өседі ма деген бізде прогноз бар және де осы ағаш жылан жылының бағыты бізде Шығыс екен. Яғни, кім шығысқа бағыт алады, сауда, бизнес, ақшаның көзі сол жерде. Яғни биылғы жылға «сауда, оқу, білім жылы» деп ат қоюға болады екен. 

Нумерологтың тағы бір кеңесі - бұл жылы асығыс шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. Себебі жылан - ақыл-парасаттың, даналықтың және терең ойдың символы.

Авторлары: Алуа Маханбет, Таир Мерекенов