Агросала бойынша субсидияның талабы күшейеді
Биылдан бастап ауыл шаруашылығы бойынша субсидия алушыларға белгілі бір міндеттемелер жүктеледі. Яғни олар өнімділікті арттырып, кәсібін кеңейтуі тиіс. Талапты орындамаса, алдағы уақытта субсидия ала алмайды. Бұл саладағы түрлі заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді, - дейді Үкімет мүшелері.
Айта кету керек, 2024 жылы аталған қайтарымсыз қаражаттың жалпы сомасы 450 млрд теңгеге жеткен. Үкімет бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш, - дейді.
Субсидия ауыл шаруашылығы саласындағы 60 шақты бағыт бойынша беріледі. Мәселен, қазір отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғандар үшін шығынның 30 пайызын мемлекет өтеп береді. Ал Қазақстанда құрастырылмайтын техниканы сырттан сатып алса, оған жұмсалған ақшаның 25 процентін Үкіметтен алады. Дәл сол секілді асылтұқымды ірі қара сатып алса да, мемлекеттік көмектен үміті бар. Бірақ келешекте субсидия деген атымен жойылады. Үкімет біртіндеп жеңілдетілген несие жүйесіне көшуі тиіс.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
- Бұрын субсидия «Қолдау» деген жүйе арқылы берілетін. Ол өзі ақылы болатын. Оның үстіне жемқорлық тәуекелдері де болды. Ал қазір мемлекеттік портал арқылы тек электронды кезекпен алады. Тағы бір нәрсені түсіну қажет. Субсидия деген фермерлердің қандай да бір шығынын жабу үшін беріледі. Яғни шаруа мал немесе техника сатып алғаны туралы құжаттарды ұсынуы тиіс. Жалпы субсидияның шаруаларға тигізер пайдасы көп. Агроөнеркәсіп кешені дамып келеді.