Хабар телеарнасы

Үкіметте Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу шаралары талқыланды

Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылының кешенді іс-шаралар жоспарын бекітті. Оны жүзеге асыруға 13 министрлік пен 20 өңірдің әкімдіктері жұмылдырылады.

Үкімет үйінде олардың бірқатары Премьер-министрге атқаратын жұмыстары жайлы есеп берді. Жұмысшы мамандықтары жылынан не күтіледі?

Жұмысшы мамандықтары жылынан ең алдымен жұмысшылар зор үміт күтеді. Себебі қара жұмыстағы көп адамның еңбекақысы мардымсыз. Сондықтан айлығым көбейіп, әлеуметтік жағдайым жақсарса, - дейді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жалпы біз Жұмысшы мамандықтары жылын еңбекақыны көтеру үшін емес, еңбек күшінің сапасын көтеру үшін жасап жатырмыз. Ал егер біздің маман ретінде сапамыз жоғары болатын болса, жақсы кәсіби маман болатын болсақ, бізге деген сұраныс жоғары болады. Өз бағамызды айта аламыз. «Мен мына жұмысқа мынадай бағада бара алам», - деп.

Осылай деген Тамара Дүйсенова жұмысшы мамандардың сапасын арттыру үшін іс-шаралар негізгі үш бағытта жүргізілетінін айтты. Олар: жастарға сұраныстағы мамандықты таңдауға көмектесу, еңбеккерлердің біліктілігін арттыру және жұмыссыздарды тегін оқыту. Осының бәрі 70 тармақтан тұратын жоспарға енгізілді, - дейді жауаптылар.

Алдымен мектептен бастасақ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, биыл 1 мың мектепте балаларды техникалық мамандықтарға бейімдейтін арнайы сыныптар ашылады. Ал қыркүйек айынан бастап колледжерді қаржыландыру 2 есе көбейеді. Бірақ олардың көбінің материалдық базасы тозған. 

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Бұл білім ұйымдары оқу процесінде моральдық тұрғыдан ескірген жабдықты пайдаланады. Тиісінше жекелеген жағдайларда жұмысшы мамандар даярлаудың сапасының төмендеуі және түлектер алып шығатын дағдылардың заманауи өндірістік талаптарға сәйкес келмеуі орын алуда.

Министр бұл мәселені кәсіпорындардың есебінен шешуге болады деп отыр. Яғни сол өңірдегі зауыт-фабрикалар өздеріне жұмысқа келетін жас мамандардың жағдайын колледж қабырғасында жүргенде-ақ жасауы тиіс. Қазіргі таңда мұндай тәжірибе елдегі 770 оқу орнының 500-ден астамында бар.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары екенін айтады. Былтыр 270 мыңнан астам бос жұмыс орны болған. Тапшылық әсіресе көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында байқалған. 

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біздің болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп бағаланады, оның ішінде жартысынан астамы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлері, олардың 400 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтар.

Министрдің сөзінің жаны бар. Себебі еңбек нарығында заман талабына сай жаңа мамандықтар пайда бола бастады. Үкімет болашақ талапкерлер осындай кәсіп түрлерін таңдаса, - дейді.

Қанат  Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Жаңа мамандықтар атласында тау-кен металлургия саласындағы смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау-кен техникасының операторы, машина жасау саласында виртуалды прототиптеу маманы, құрылыста  Big Data сарапшысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты 75 жаңа мамандық бар. Биыл индустрияландыру картасы аясында 190 жобаны іске қосу барысында машина жасау саласында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы сияқты тағы 8 жаңа мамандық пайда болады.

Жалпы жұмысшы мамандықтары Қазақстандағы еңбек нарығының басты негізі. Себебі елдегі барлық жұмыс істейтін азаматтардың жартысынан астамы кәсіптік немесе техникалық білімге ие. 2 млн 300 мыңға жуық адам жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді. Сондықтан оларға да жауапкершілік жүктеледі. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Экономиканың басты өндірістік қуаты – ол кәсіпқой жұмысшы мамандар. Олар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты үздіксіз дамытып отыруды талап етеді.

Бірақ Үкімет те қарап қалмайды. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін Премьер-министр бірнеше ведомствоға арнайы тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңадан ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және «Отбасы банкімен» бірге жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдікті бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын.

Жұмысшы мамандықтардың қажеттілігін де халыққа жан-жақты түсіндіру керек, - деді Олжас Бектенов. Бұл жұмысты Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырды. Ең бастысы, 70 тармақтан тұрақты кешенді жоспар уақытша бір науқанға айналмауы тиіс. Ондағы әр бағыт нәтижелі, бір жыл ғана емес, бірнеше жыл пайдасын көретіндей сапалы орындалуы қажет.

Дамир Берікұлы, Қанат Әбілдин