Хабар телеарнасы

Үкімет АЭС бойынша референдум өткізу туралы қаулыны қабылдады

Біз баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз. Еліміздің Үкіметі осындай ұранмен атом электр станциясын салу үшін референдум өткізу туралы қаулы қабылдады. Сарапшылар мен сала мамандары баяндама жасап, жалпы энергетикалық ахуалға баға берілген соң, бейбіт атомның энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылық кепілі бола алатындығына бірауыздан «Иә» делінді.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- 2035 жылға қарай елімізде электр қуатына деген сұраныс 152,4 млрд квт/сағатқа жетеді. Сол уақытта бар жоғы 135 млрд квт/сағатқа жуық электр қуатын өндіреміз деп жоспарланған. Сұраныс пен ұсыныстың айырмасы 17 млрд кв/сағаттан асып жығылады. Жалпы 2035 жылға қарай жарықсыз, жылусыз қалмас үшін қала елді мекендердің тіршілігін тұралатып, өндірісті тоқтатпау үшін ғана қосымша 26,5 гигават қуат көзі керек. Төбе ассақ, осындай проблема қылтияды.

Проблеманың ауқымын мынадан білесіз. Үкіметте елдің бас энергетигі: «Атом электр стансасы түйткілді түбегейлі шешіп бермейді», - деді. 26,5 гигватт қажет қуатты түрлі көздерден өндіру жоспарланған.  

2035 жылға қарай іске қосылатын қуат көздерінде газдың үлесі 27, су электр станцияларыныкі - 12, көмір жағатын стансалардыкі - 17, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 36% болмақ. Ал атом станциясы қажет қуаттың 9%-ін берер еді. 

Байқасақ, газбен істейтін және жел мен күннен қуат алатын стансаларды көбейтуге басымдық берілмек. Бірақ газ ауаға зиянды қалдық шығарады, ал жел мен күн көздері тұрақсыз, табиғаттың мінезіне тәуелді. Тұрақты және салыстырмалы түрде экологиялық таза қуат көзі – АЭС энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етеді әрі өзге елге тәуелделіктен құтылуға сеп болар еді. Қазірдің өзінде Ресейден 1 гигаваттан артық қуат көзін импорттауға мәжбүрміз.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:  

- Қазақстанға газ да, атом да, жаңартылатын қуат көздері де өзімізде арзан көмір болғандықтан, көмірмен істейтін станциялар да керек. Ол электр энергиясында баға тұрақтылығы үшін қажет. Әрқайсының өз орны бар. 

 Қазақтың қолынан бейбіт атомды игеру келе ме? Елді елеңдеткен сұраққа Ядролық зерттеу институтының директоры жауап берді. Бүгінге дейін 5 мың маман оқытылып, МАГАТЭ ұйымынан растама алған. Оның сыртында Алматының дәл іргесінде 57 жылдан бері зерттеу мақсатындағы атом реакторы істеп тұр.

Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры:    

– Зерттеу реакторы мен атом станциясына қойылатын талаптар бірдей. 57 жыл бойы сол реакторда мысалы отыны сақталады. Сол отынды реакторда пайдаланып, атом энергиясын бейбітшілік мақсатта біз өндіріске өңдеп жатырмыз. Соны суыту бассейні бар, сосын сақтайтын жер бар. Осы 57 жылда бір оқыс оқиға болмағанын атап өттім. Одан басқа сол төңіректе халықтың саны 5 мыңнан 15 мыңға артты. Радияция жоғары болатын болса, халық не үшін жиналар еді?

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Қоғамдық тыңдауларда жұртшылық атом станциясын салуға үміткерлердің кейбіріне қатысты көп күмән келтірді. Елдің көкейіндегі сұрақты Энергетика министріне қойдық, ол түпкі шешім қабылдағанда қауіпсіздік пен тиімділікпен қатар геосаяси жағдай да ескеріледі деп жауап берді. Үкімет мүшелері референдум өткізу туралы  қаулыға бірауыздан дауыс берді. Үкімет ұстанымын айқындады, енді оны Ақорда қарастырып, референдум күнін белгілеуі тиіс.

Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин