Елімізде кімнің мобильді аударымы тексеріледі?
Үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түссе, салық органдары тексереді. Тек жинақталған барлық аударымның көлемі 255 мың теңгеден асуы шарт. Бұл жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшыларына және олардың жұбайларына қатысты өзгеріс. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері осылай дейді.
Мамандардың сөзінше, декларациямен қоса алғанда, биыл өткен жылы жасалған мобильлді аударымдар ғана тексеріледі. Ал келер жылы тексеріс кәсіпкерлерге ғана емес, барлық жеке тұлғаларға қатысты болады. Бұл көлеңкеде қалған кәсіпкерлерге салық төлету үшін маңызды, - дейді жауаптылар. Себебі 2023 жылы сала өкілдерінен түскен салық 55 трлн болса, мобильді аударымдар арқылы азаматтар бір-біріне 80 трлн аударған, - дейді. Алайда мұндай аударымдардың бәріне бірдей салық салынбайды.
Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР ҚМ МКК Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:
- Бізде садақа, қайырымдылық, сосын мына емдік шараларға расында қаражат жинап жатады, осы мобильдік аударымдар арқылы – бұл кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Тиісінше ол салықтандыруға жатпайды. Емдік құжаттар болады дәлелдейтін. Хабарлама қалыптасуы мүмкін. Хабарлама қалыптасқаннан кейін ол кісі түсінік береді. Тиісінше одан жеке табыс салығы төленбейді.
Шекті сома мөлшері әзір нақты реттелмегенін айта кеткен жөн. Ұлттық банк келісімін берсе, ең төменгі 3 айлық жалақы, яғни 255 мың теңге көлемінде бекітіледі. Бұл сомаға 3 ай бойы 100 түрлі адамнан аударым алған азаматтар камералдық бақылау жүргізу туралы хабарлама алады. Мұндай аударымдарды не себепті алғанын түсіндіруге 30 жұмыс күні беріледі. Егер хабарламаға жауап бермесе, оның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады, - дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері.