Хабар телеарнасы

Мәжіліс депутаттары Алматы облысындағы Мәдениет үйінің құрылысы мәселесін талқылады

Бір топ халық қалаулысы Алматы және Жетісу облысындағы ауыл шаруашылығы нысандарын, ауыр және жеңіл өнеркәсіп орындарын аралап, көпшілікті алаңдатқан көкейкесті проблемалармен танысты.

Өтеген батыр ауылындағы мәдениет үйі өткен жылы салынып бітуі тиіс еді. Бірақ 2 млрд теңге бөлінген нысандағы құрылыс 70%-ке ғана аяқталған. Қалған жұмыс «қаржы жетіспейді» деген желеумен тоқтап тұр. Соның салдарынан жергілікті өнерпаздар тиісті іс-шараларын Байкент елді мекеніндегі мәдениет ошағында өткізуге мәжбүр. 

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы уақытқа дейін мердігер шынын айту керек,  өз қаражатына жалғастырды жұмысты. Дегенмен бізде қазір осы ауданда екі осындай мәдениет үйі салынып жатыр. Қазіргі келісімшарттың нәтижесі маусым айында бұл объект бітуі керек деген талап қойып отыр. Маусымда біз келеміз, көреміз. Маусымда бітіп жатса құба-құп. Егер бітпей жатса, білмеймін енді сотқа беріп, қайтадан жұмыс жасау керек болады.

Алып шахар Алматының іргесіндегі заманауи жылыжайда жылына 3,5 мың тонна қызанақ өсіріледі. Оның оның 90%-і шетелге шығарылады.

Бағбандармен жүздескен халық қалаулылары мемлекеттен субсидия алатын өндірістің негізгі мақсаты – ішкі нарықты қамтамасыз ету екенін айтты.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Субсидияның бағыты қандай болу керек? Бюджеттен шыққан ақша болған соң біздің позициямыз бойынша ол ішкі нарыққа кету керек. Ол өзіміздің халыққа қолжетімді бағамен келу керек. Қазақ жерінде өндірілген өнімді шетелге неге шығармасқа? Дегенмен ең бірінші біздің қоятын мақсат – өзіміздің халқымызды сапалы әрі қолжетімді осындай өнімдермен біздің дүкендеріміздегі сөрелерімізді толтыруымыз керек.

Талдықорғандағы тігін фабрикасы енді халықаралық брэндтегі киімдерді тіге бастайды. Ол үшін саладағылар жоғары білімді әрі тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартып жатыр. Екі жыл бұрын ашылған мекемеде 200-ден аса адам еңбек етеді. Олар күштік құрылымдар, медицина және төтенше жағдай қызметкерлерін отандық киіммен қамтамасыз етеді. Ісмерлер қажет матаны шетелден алып отыр.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Ақ жол» партиясы отандық өндірушілер партиясы ретінде өзіміздің кәсіпкерлердің жағдайымен үнемі танысып, сол көтерілетін мәселелерді шешуге атсалысып келе жатырмыз.

Талдықорғанда жаңадан ашылған зауыт өндірістік аккумулятордың 50-ден аса түрін шығарады. Кәсіпорын жылына 210 мың батарея жасап, өнімнің басым бөлігін экспорттауды жоспарлап отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев