Хабар телеарнасы

Сенатор азаматтық авиациядағы мәселелерді атады

Еліміздің азаматтық авиация саласында қордаланған мәселе көп.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп олардың бірқатарын атап, Үкімет басшысына сауал жолдады. Сенатордың сөзінше, бізде әуежайлардың инфрақұрылымы нашар. Одан қалды бюджеттік тасымалдаушылар өте аз. Ұшақ билеттері мен жанармайдың қымбаттығы тағы бар. Соңғы оқиғаларды ескере отырып, енді бұлардың қатарына білікті кадр даярлау мәселесі қосылды.

Жақында Алматыдағы «Азаматтық Авиация Академиясында» болған депутат ондағы проблемаларды да жайып салды. Ең алдымен, оқу орнының жанынан мамандандырылған жабдықтары бар жеке аэродром салу қажет. Оқу-зертханалық базаны жаңартып, білім ордасын заманауи жаттығу қондырғыларымен жарақтандыру қажет.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Бұл енді бұрынғы Кеңес кезіндегі «Киев Авиация Институтының» базасы болған ғой. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін дербес академия болып жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені ұшақты басқаратын – ұшқыш. Ал ұшқыш қаншама адамның өміріне тікелей жауапты. Сондықтан бұл салаға барынша назар аудару керек деп есептеймін.