Хабар телеарнасы

Астананың коммуналдық сала қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді

Еліміздің бірқатар аймағына қар қалың жауып, кешелі бері коммуналдық сала қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Олар ылғи да сыртта жүреді. Олар үшін Сарыарқаның сары аязы, бұрқасын бораны да қорқынышты емес. Ел қалың ұйқыда жатқанда да, тіпті тәулік бойы қызмет атқарады. Тап осы мамандардың еңбегінің арқасында астаналықтар көшеде еркін қатынап, көліктер кідірмей жүйткіп жүр.

Әр қар жауған сайын тазалық саласының қызметі қыза түседі. Гүлнәр Мырзабекқызы да кезекті жұмыс күніне кірісті.  

Гүлнәр Әшірбекова, «Астана Тазалық» ЖШС шебері:

- Таңғы 3-те тұрып дайындаламыз. Алтыға 15 минут қалғанда жұмысымызды бастаймыз. Бірінші кезек аялдамалар тазалаймыз. Жаяу жүргіншілер жолын тазалаймыз. Біз кептеліс басталғанша тазалап үлгеріп қоямыз. Учаскелерді кварталмен аламыз. Қиылыстарды болған соң ары қарай кете береміз. Өте көп қар шығарамыз. Оның санына жете алмайтын шығармыз.

Қар күреліп біткен бойда техника жұмысқа кіріседі. Бірі жинауға көмектессе, келесісі сыпырады. Әрқайсысының өз міндеті бар.

Нұрлан Әбсаматов, жүргізуші:

- Бұған дейін құрылыс саласында жұмыс істегенмін. Ол жерде уақыт әртүрлі. Менің міндетім тротуарларды тазалау және жинаған қарды камазға арту.

Гүлнәр Әшірбекова, «Астана Тазалық» ЖШС шебері:

- Бірінші смена 6-дан үшке дейін. Екінші смена 8-ден 5-ке дейін. Үшінші смена кешкі сегізден таңғы 5-ке дейін. Солай 24 сағат жұмыс істеп тұрамыз.

Қала бойынша қазір қар тазалау қызметінде 600 арнайы техника қолданыста. Ал жұмысшылар саны 2 мыңға жуық. Жауаптылар кадр жетіспейтінін айтады.

Ерлан Қалымов Бақытұлы, «Астана Тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары:

 - Алайда қазіргі таңда кадр тапшылығы байқалады. Жұмысшылардың орташа жалақысы 250 мыңнан басталады. Ол қол жұмысшылары. Арнайы киім, материалдық көмек, жұмысшыларға жылыну және тамақтану пунктері қарастырылған. Арнайы автобуспен жұмысшыларды апарып, үйлерінен әкеліп отырамыз.

Гүлнәр Әшірбеков, «Астана Тазалық» ЖШС шебері:

- Ең қиын тұстары аяламаларды тазалап болғанда қайтадан қар жауып кетеді. Көліктер қиындық туғызады. Тез қар алып тастайын десең, қол жұмысты қиындатады. Сондан жұмыс көбейіп кетеді. Былай техникамен аламыз ғой.

Кейіпкеріміз Гүлнәрдің осы салада нәпақа тауып жүргеніне 13 жыл болды. Соның 8 жылында қарапайым жұмысшы болған. Қазір 20 адамға жетекшілік етеді.  

Гүлнәр Әшірбеков, «Астана Тазалық» ЖШС шебері:  

- Қазір жастар келіп жатыр. Жастар да істейді. Өзімнің бригадамнан үш адамды зейнетке шығарып салдым. Енді өзімнің жұмысыма, осы тазалығыма өзім үйреніп алдым. Енді зейнетке шыққанша осы тазалықта істеймін деп ойлаймын. 

Қала тұрмысының қалыпты болуы осы еңбек адамдарының арқасы. Тек өткен тәулікте ғана олар 30 мың текше қар жинапты. Ал қыс басталғалы 700 мың текше қарды полигонға шығарған.

Айта кетейік, тазалық қызметіндегілер тек қала көшелерін жинауға жауапты. Ал аула іші мен жеке бизнес нысандарының маңындағы тазалықты мүлік иелері өздері реттеуі тиіс.

Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметали Тілдебаев, Болатбек Табалдиев