Хабар телеарнасы

100 мың қазақстандық құмаройын ойнаудан бас тартты

Жүз мың отандасымыз құмаройыннан бас тартты. Яғни арнайы тізімге енгізілді. Олар ресми түрде өз аттарынан бәс тігу ойындарына қатыса алмайды. Мамандардың есебінше, бұл лудомандардың бір бөлігі ғана. Мәселе әлі де күрделі. Былтыр «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданған. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылды. Кәмелетке толмағандарды құмаройынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ana tili газетіне берген сұхбатында да айтқан болатын. Заң қабылданғалы не өзгерді?

«Лудоманиямен күрес туралы» заң күшіне енгелі тура төрт ай болды. Бірінші қадам – қоғамдық орындарда оның жарнамасын тоқтату. Әкімдіктер дейін және кейін деп ойын бизнесі жарнамаларының алынып тасталғандығы туралы мынадай есеп беріп жатыр. Бірақ осы міндеттің өзін кей облыстар уақтылы орындамаған.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Алматы мен Шымкент қалаларының, Алматы облысы, Маңғыстау облысы, СҚО әкімдіктері  құмаройынды жарнамалаған нақты неше сыртқы жарнаманың көзі жойылғаны туралы ақпаратты құзырлы органға әлі бермей отыр. Сондай-ақ кейбір әкімдіктер «өңірімізде букмекерлік кеңселердің жарнама объектілері мүлдем болмаған», - деп жауап беріпті. Мұның ақылға сыймайтыны анық.

Заң бойынша келесі талап мынау. Верификация міндеттелді. Яғни ойнау үшін жеке басты растау қажет. Бұрын кез келген адам, тіпті балалар да құмаройындарға телефонмен ақша сала алатын. Қазір жеке сәйкестендіру номерімен ғана төлем қабылданады. Мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмаройын ойнауға тыйым салынды. Ал емделуге барған адамның жекебас деректері құпия сақталады.

Айдос Ерболұлы, қоғамдық қор жетекшісі:

- Кей мекемелер 350 мың, енді біреулері 400 мыңнан астам қазақстандық лудоман деп топшылайды. Нақты санын дөп басып айту қиын. Ойыншылар арасында ер адамдар көп. Балалар да әуестенуде. Жеке өзім 15 жастағы ойыншыны көрдім.  

Көрдім деуі бекер емес. Кейіпкеріміз Айдос Ерболұлы да осыдан 5-6 жыл бұрын лудоман болғанын жасырмады. Дер кезінде қателігін түсініп, ойынқұмарлықтан бас тартқан. Қазір құмаройынға құныққандарға кеңес берумен айналысады. 

Айдос Ерболұлы, қоғамдық қор жетекшісі:

- Лудоманияны емдеу кезінде кей азаматтарға алдымен стрестік жағдайдан шығу үшін дәрі беріледі. Кейін олармен психологтар жұмыс жасайды. Мен өзім 3-4 айлық емнен кейін сауығып шықтым. Артынша сол орталықтың өзіне жұмысқа қабылдандым. Қазір кеңес беру қызметімен айналысамын. Еліміздегі лудомандарды емдейтін кей орталықтарда адамдарға тігіншілік, жиһаз жасау сияқты жаңа кәсіп түрлері де оқытылады. Бастысы, ниет еткен адам емделіп шыға алады. 

Ойынқұмарларды емдейтін мемлекеттік психикалық денсаулық орталықтары қазір еліміздің 17 қаласында жұмыс істейді. Айта кетейік, олардағы барлық қызмет түрі тегін көрестіледі. Сондай-ақ елімізде «Ортақ есеп жүйесі операторы» құрылатын болды. Букмекер мен ойыншылар арасындағы барлық төлем сол ұйым арқылы өтеді. Демек лудомандар жайлы нақты санды мемлекет көріп, біле алады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин