Хабар телеарнасы

Алматы облысында қайтарылған активтерге спорт кешені салынады

Алматы облысының Кеген ауданындағы Жалағаш ауылында спорт кешені салынатын болды. Ел Үкіметі бұл мақсатқа 1 млрд 100 миллион теңге бөлді. Жоба «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару» туралы заңның шеңберінде іске асып отыр. Қайтарылған активтерге дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарын және жарыстар өткізуге арналған спорт кешені бой көтермек. Онда бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған бірнеше зал қарастырылған.

Дастан Әлиев, Жалағаш ауылының тұрғыны:

- Спорттық-сауықтыру кешені салынады деген хабар келіп, соған жер телімі бөлініп жатыр. Енді бұған әрине, біз де ауыл тұрғындары да өте қуаныштымыз. Ауылдың балалары спортқа ынтық, алдыға жүгіріп жатыр. Бірақ нақты бір жерде жаттығатын арнайы залдар жоқ. Мектептің спортзалдары бар. Бірақ бұл сабақтан босамайды. Сол үшін балалардың алаңсыз жаттығуы үшін осы жерден спорттық-сауықтыру кешені салынса, біздің арманымыз да, тілегіміз де осы ғана болып тұр.

Еске сала кетейік, қайтарылған активтердің есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында әлеуметтік инфрақұрылымдық бірқатар нысанның құрылысы басталып кетті. Ал арнаулы әлеуметтік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 50,6 млрд теңге бөлінген. Үкіметтің жоспары бойынша жылдың соңына дейін 113 жаңа спорттық нысан салынып, 26 спорт мекемесі қайта жөнделуі тиіс.