Хабар телеарнасы

Пара беруді ұсынғандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Енді параны алу ғана емес, оны ұсыну да – қылмыс. Тіпті шенеуніктерге «бірдеме берем», - деп уәде еткендер де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіледі. Ол қандай өзгертулер?

Аталған Заң жобасы бойынша ең негізгі бірнеше өзгеріс бар. Мәселен, Қылмыстық Кодекстің 366-шы «Пара алу туралы» бабына «пара сұрау», яғни оны талап ету және соған мәжбүрлеу деген бағана қосылады. Ал 367-ші «Пара беру» бабында «Пара беруді уәде ету» атты жаңа тармақ пайда болады.

Ұлан Сарқұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл мәселе 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр. 2008 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында параны уәде етуді, ұсынуды және бопсалауды қылмыстандыру қажеттілігі көзделген.

Бірақ неге екені белгісіз, еліміз бұл заңды биыл ғана қолға алып отыр. Заңнамадағы тағы бір жаңашылдық – енді Қазақстанда жемқорлардың жария тізімі жасалады. Оған ауыр немесе аса ауыр жемқорлыққа барғандардың аты-жөні мен қылмыстық істің мән-жайы туралы мәліметтер енгізіледі. Тізім Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтында жарияланады. Ал депутаттар жемқорларды «қара тізімге» енгізіп қана қоймай, елден де шығармау керек, - дейді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тәжірибе көрсеткендей, қыруар қаржы жымқырғандар қамалса да, бірнеше жылдан кейін түрлі жолмен босап шығады. Сөйтіп шетел асырған байлығының соңынан еріп, сол жақта шалқып өмір сүреді. Сондықтан мемлекетке келтірген залалын толық өтемейінше оларды шекарадан шығаруға болмайды деп есептейміз. Біз бұл мәселені 2017 жылдан бері айтып келеміз.

Енді заңсыз сыйақы алғандар да, оны бергендер де жауапкершілікке тартылады. Бұл норма негізінен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлеріне қатысты. Қылмыс дәлелденсе, қомақты айыппұл арқалайды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 80 айлық есептік көрсеткіш. Қазіргі таңда ол 315 мың теңге деген сөз. Сонда қалай? Квазимемлекеттік сектор қызметкерлері 20-30 млн заңсыз сыйақы алатын болса, бар-жоғы 315 мың теңге айыппұл төлеп құтылып кете ме?

Депутаттардың сөзінше, бұл бапқа мемлекеттік емес ұйымдар да қосылып кеткен. Мұның арты түсініспеушілікке алып келуі мүмкін. Дәмханаға келуші даяшыға аздаған сыйақы берсе, оның өзі қылмыс бола ма деп алаңдайды олар. Ал кей депутаттар жемқорлықпен күресті ең алдымен құқық қорғау органдарының өздерінен бастау керек, - дейді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші өздеріңді тазалап алыңдар. Өздерің дұрыс жасаңдар. Өздерің сол параға итермелемеңдер. Сол кезде бәрі дұрыс болады.

Иә, ондай жағдайлар жиі кездеседі. Құзырлы органдар қызметкерлерінің пара алып ұсталғанын талай көріп жүрміз. Агенттік өкілі бұл мәселемен де күресіп жатқандарын айтады. Мысалы, осы заңда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде кез келген әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал бұған дейін оларға тек тәртіптік жаза қарастырылып келген.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымызды топырлатып, түрмеге тоғыту емес. Бұл жалпы осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Азаматтардың санасын өзгерту. Ол үшін тиісті уәкілетті органдар үгіт-насихат жұмыстарын, заңды түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуі қажет.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанымен, оның кей тұстарын депутаттар қайта қарайтын болды.

Айта кетейік, жемқорлықты зерттейтін халықаралық ұйымның 2024 жылғы есебі бойынша Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 93 орында тұр.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков