Оралдық жүргізушілердің жаңа өткелге көңілі толмайды
Орал қаласындағы теміржол депосы маңындағы автоөткелдің жай-күйіне жүргізушілердің көңілі толмайды. Өйткені көпірдің орта тұсында деформациялық жіктер бұзылып, шұңқырлар пайда болған. Анықталған ақаулар бойынша былтыр қалалық әкімдіктің бөлім басшыларына айыппұл да салынған көрінеді. Алайда нәтиже жоқ.
Қала тұрғыны Мейрамбек Кеңесов Депо ауданындағы автоөткелмен барынша абайлап жүруге тырысады. Өйткені көпір тіректері арасындағы деформациялық жіктердің ашылған жері дөңгелегіңді жарып жіберуі ықтимал, - дейді ол.
Мейрамбек Кеңесов, қала тұрғыны:
- Үлкен шұңқырлар пайда болған. Бұл дегеніңіз халықтың автокөліктерінің дөңгелектеріне зиян келтіреді. Себебі менің де көлігім дөңгелегі «низкопрофильный», яғни жүргізушілер түсінеді. Ол жерде бір 50-мен шамамен жылдамдықпен жүретін болсақ, дөңгелек жарылып, зақым келеді. Соны жөндеп берсе дейміз.
Көпірдегі ақауға көз жұма қарамай, кемшілікті түзегісі келген Мейрамбек жуырда оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жазыпты. Алайда қаулы толтырудан әріге іс қозғалмаған. Себебі мұндай арыздар былтыр да түскен. Тіпті қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына 20 АЕК көлемінде айыппұл да салыныпты.
Берік Молдашев, қалалық полиция басқармасы бөлім бастығының міндетін атқарушы:
- Тұрғындардан түскен арыздар негізінде көпірдегі ақауларды жою жөнінде былтыр нұсқама бердік. Бірақ әкімдік қаржы жоқ деп оны орындамады. Енді биыл тендер өтеді, жөндеу жұмыстары басталады деп жатыр. Егер уақтылы шара қабылданбаса, көліктер бұзылуы, шұңқырдан қашам деп қарсы бетке шығып кетуі ықтимал.
Жалпы бұл жердегі екі жолақты ескі өткел 2018 жылы 4 жолақты боп қайта салынған еді. Кептелістен құтылдық па деп қуанған сол кезде жүргізушілер. Алайда арада алты жыл өтпей жатып нысан қайта жөнделмек. Мамандар көпірдің кепілдік мерзімі 3 жыл екенін, енді мердігердің кемшіліктерге жауап бермейтінін айтады.
Альберт Бекмұхамбетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Былтыр автоөткелге жөндеу жасағымыз келіп еді. Бірақ су тасқынынан кейін қаржы болмады. Енді биылға жоспарлап отырмыз. Ол жерде италиялық деформациялық жіктер қондырылған. Тап сондайына ауыстырамыз. Көпірдің бүліну себебі – былтыр асфальт қабаты отырып кеткендіктен, негізгі салмақ деформациялық жіктерге түскен деп ойлаймыз. Қажетті қаржы көлемін анықтаған жоқпыз.
Орал қаласында жалпы өзенге салынған 3 көпір, теміржол үстіндегі 5 автоөткел бар екен. Мамандар өзге өткелдердегі ақаулардың да биыл жөнделетінін айтты.
Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов