Алматы облысында 300-ден астам саяжай елді мекендерге қосылады
Алматы облысында 300-ден астам саяжай елді мекендерге қосылады. Бұл ондағы жұрттың ондаған жыл бойғы тартқан тауқыметінің өтеуі. Саяжайдың елді мекен мәртебесі болмағандықтан, инфрақұрылым, инженерлік желілер, мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар жоқтың қасы.
Балалар қыста қар, көктемде балшық, жазда шаң басып сабаққа барады. Өрт шыға қалса өрт сөндірушілерге, кісі ауырса жедел жәрдемге діттеген жерге жету мұң. Жол, жарық пен судың мәселесі бар. Енді бұл келеңсіздіктерді өткен күннің еншісіне қалдыруға қам жасалып жатыр деген ақжолтай ақпаратпен мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай бөлісті.
Бір жәшік арыз – бұл әшейін қағаз емес, саяжайларда тұратын мыңдаған адамның жанайқайы, жан жарасы мен көз жасы.
Жыл жарым уақыт бұрын депутаттың халықпен кездесуінде көтерілген мәселе көп ұзамай Мәжіліс мінберінен айтылды. Үкіметтің құлағына шалынып, періште әмин депті.
Олай дейтініміз, енді міне Алматы облысында 300-ден астам саяжай іргелес елді мекендерге қосылатын болып жатыр. Әсілінде өңірде 674 саяжай бар. Елді мекен мәртебесіне өткізу біртіндеп жүргізілмек.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Осы отырған кішкентай ғана кабинетте 6 ай бойы, Ұлттық экономика вице-министрі, қаржы вице-министрлері күнде осы кабинетте болды десем артық айтқандық емес. Әр тиын үшін күрестік. Бюджетті бекітетін кезде. Өйткені елге берген уәде болатын. Алматы облысында білесіз, саяжайдың мәселесі өте өзекті. Кеше қаңтарда алаңға шыққан жастардың көбі сол саяжайдан. Өйткені ештеңе жоқ ол саяжайда. Сол Алматының төңірегіндегі 1 млн адамның мәселесі.
Алматының іргесіндегі 19-шы шақырым. Қарасай ауданына қарасты Алмалы бақ ауылына осындағы саяжайлар қосылады. 10-нан астам саяжайдың әрқайсысында 200-300 ден үй бар. Көп түкірсе - көл. Мұндағы тұрғындар өз күштерімен электр жарығын, су мен интернет тартқан. Бірақ сол көпшіліктің шамасы келмейтін үлкен түйткілдер әлі де бар.
Қадиша Шойынбаева, саяжайлар бірлестігінің төрағасы:
-Мектеп, содан кейін кішкентай болса да амбулатория. Фельдшер отырса да, педиатр отырса да, өйткені үлкен кісілер, пенсионерлер сол кісілер укол жасауға барса, содан кейін балалар ауырып қалса, жақын жерге барса, өйткені біздің поликлиника кизда. Кизға бару үшін автобус жоқ бұл жерде. Бала-шағамен, үлкен кісілердің жетуі өте қиын.
Қадиша Тоқтасынқызы бірнеше жыл осы саяжайлардың түйткілдерін көтеріп әкімдердің табалдырығын талай тоздырған белсенді. Ауыл, аудан, облыс әкімдерінен бастап Президентке дейін хат жазған. Ендігі сұрап отырғаны - мектеп. «Саяжайдың орта тұсында институт салынады деп белгіленген үлкен жер учаскесі бар екен. Құрылысқа сұранып тұр, тек естір құлақ болса»,– дейді. Айта кету керек, бұл өлкеде мектеп тапшылығы өткір. Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжан сияқты депутаттар Үкімет пен Облыс әкімдігіне қолқа салып жүріп, Қарасай ауданында 8 мектеп салынса, 3 ауданнан Алматыға 22 қоғамдық көлік жүргізілген. Тағы бір түйткіл - Алматы-Бішкек халықаралық күре жолының Қаскелең тұсындағы кептелісі - қиямет қайымның көкесі.
Қадиша Шойынбаева, саяжайлар бірлестігінің төрағасы:
- Алматы - Бішкек трассасының пробкасы. Оған енді біз барып қосыламыз. Сол жолды тезірек жасаса деген барлығымыздң үмітіміз енді.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- ҚазАвтажол көлік министрі Марат Қарабаевпен 1 жыл бойы осыған жұмыс істедік. Қаржы көздерін қайдан табамыз деп. Бұйырса міне келесі айдан бастап жұмыс басталады. Биыл енді Қаскелеңнің тұсында Оңтал деген айналма жол салынады.
Саяжайлардың мәселесі бір ғана Алматы облысымен шектелсе қане?! Мәселен, бұл Астананың дәл іргесі. Жолсыз елді мекен, жөнсіз құрылыс. Демек еліміздегі осы сияқты мыңдаған саяжай мемлекеттің назары мен қамқорлығына сұранып тұр. Бір шешімнің керектігі анық.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бір облыстың шамасы келмейді саяжайдың мәселесін шешуге. Оған трилиондаған қаржы керек. Сондықтан қазір премьер-министрдің атына тағы да хат дайындап жатырмын. Жалпы саяжай бойынша жеке бір бағдарлама қабылдасақ. Ең болмаса жылына 300-400 млрд теңге бөле алатындай болса.
Егер бағдарлама қабылданып жатса, үлкен қалалардың іргесінде отырған мыңдаған саяжайдың мәселесі біртіндеп шешіле бастайтын еді. Үкімет халықтың талабын орындап, қазір жұмысын бастады. Ендігі бұйымтай - жаңағы бағдарлама. «Сый қылсаң - сыпыра қыл»,– деуші еді қазақ.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Азамат Сәметов, Аршын Кемелжан, Кенже Амараев