Хабар телеарнасы

Абай облысының халқы өзен суын ішуге мәжбүр

Абай облысы Малтүгел ауылының халқы суды әлі күнге дейін өзеннен тасып отыр. Елді мекенге су құбырын тарту жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталып, сол беті аяқсыз қалған. Ауыл халқы жылдар бойы мәселені көтергенімен, нәтижеге қол жеткізе алмай отыр. Амалы таусылып, ауызсудың азабын тартқан жұрт облыс басшылығынан көмек сұрайды.

Малтүгел ауылы тұрғындарының күнделікті тірлігі осы. Халық жылдар бойы тіршілік нәрін осы Аягөз өзенінен алып отыр. Қазір көріп тұрсыздар бұл жерден адам да, мал да су ішеді.

Сиязбек Сақажанов – Малтүгел ауылының байырғы тұрғыны. Ауызсуды бір шақырым қашықтықтағы өзеннен тасып ішеді. Тұрғынның айтуынша, елді мекенге су құбыры тартылған. Кейбірі тіпті үйлеріне кіргізіп үлгерген. Алайда бұдан пайда жоқ, өйткені су әлі күнге дейін қосылмай тұр.

Сиязбек Сақажанов, ауыл тұрғыны:

-Ойбай, ақшасын төлеңдер деп төлетті. Түгел 40-50 мыңнан төледік. Оның түкте нәтижесі болған жоқ, міне. Үйге тартып қойдық тұр.

Сағидолла Рамазанов, ауыл тұрғыны:

-Қосқан кезде келді су. Ертесіне бір күн өткен соң су қайта кетіп қалды. Бұл жоғары жақта тағы екі жерден тесіліп қалды. Оған ешкім жауап бөлінбейді. 

«Ашық су айдыны түрлі жұқпалы аурулардың ошағы болуы мүмкін. Себебі ол жерден төрт-түлік мал су ішеді»,– дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.

Ардақ Барлықанова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы:

-Ішек аурулары пайда болады. Ең қиын әрі қауіпті аурулардың бірі ол - холера. Жаңағы лихорадкалар болуы мүмкін. Тулеримия. Содан кейін құрт аурулары. Ашық су айдынында жұқпалы аурулардың барлық қоздырғыштары болады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Аягөз ауданындағы бірнеше ауыл әлі ауызсуға қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Алайда өңірді тіршілік нәрімен қамтуға қаражат бөлініп, игерілген. Бірақ нәтиже жоқ.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Аягөз ауданының Малтүгел ауылында, Байқошқар, Қопа, Мыңбұлақ ауылдары әлі толық сумен қамтамасыз етілген жоқ. Қаражат бөлінген және игерілген. Бірақ халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан мен бұл мәселені бақылауға алдым. Құқыққорғау органдары мұны тексеріп шешім шығаруы керек.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары ауылға су тартылғанын растады. Жандос Қайырхановтың айтуынша, мердігер ұйым өкілдері құбырды абайсызда жарып алған.

Жандос Қайырханов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

-Тапсырма берілді. Оны тесілген жерді су құбырын қалпына келтіреді және де ауыл тұрғындары осы су құбырына қосылуы керек. Көктемге қалдыруға тура келеді. Көктемде қатпайды ғой су деген.

Жыл соңына дейін халықты таза ауызсумен қамтуға бағытталған 33 жоба жүзеге асырылмақ. Құны шамамен 10 млрд теңге. Бүгінде 5 млрды игерілген. Облыстық әкімдік мамандары Малтүгелдегі су мәселесі көктемде шешіледі деп уәде берді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов