Хабар телеарнасы

Сенаторлар мәдениет, білім беру және тәлімгерлікті дамыту туралы заңды қарады

Елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту ісі жалғасады. Парламент Сенатының отырысында ана тіліміздің барлық стилдері мен жанрларының мәтіндерін қамтитын қазақ тілінің ұлттық корпусын құру туралы айтылды. Бұдан өзге, енді ғылым қуған дарынды оқушыларға қолдау көрсетілетін болады. Әсіресе халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін мемлекеттік гранттар беру көзделіп отыр. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу үшін тәлімгер тиісті талаптан өтеді.

Сенат отырысында қаралған мәселе мәдениет, білім беру және тәлімгерлік қызметіне арналды. Заң баланың құқықтарын қорғау, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған.

Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құруда, қазақ тілінің барлық стилдері мен жанрларының мәтіндерін қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде қазақ тілінің ұлттық тіл корпусын құруда, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық жүйеге негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ауқымды тіл моделін қалыптастыруды көздейтін түзетулер енгізіледі. 

Заңда қаралған тағы бір бағыт - жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін тәлімгерлік қызметті күшейту. Енді балаға қамқор болатын тәлімгер міндетті түрде оқытылып, құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Бүгінде елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 77 білім беру ұйымдарында 2962 бала тәрбиеленуде, олардың тек 330-да тәлімгер бар. Заңның қабылдануы, осы балаларымыздың құқығын қорғаудағы тағы бір сәтті қадам десек те болады.

Сондай-ақ халықаралық пәндік олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қолдау көрсету көзделіп отыр. Әсіресе ғылымға қызыққан дарынды оқушыларға граттан бөлінбек және «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі бар. Жалпы заңда қаралған мәселелер жан-жақты талқыланып, мақұлданды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Заң арқылы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болуға ниетті адамдарды оқытатын арнайы ұйымдардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Түзетулердің бір топтамасы цифрлық ортада қазақ тілінің әлеуетін одан әрі арттыруға арналған ережелерді қамтиды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жеңіске жеткен дарынды оқушыларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік жоғарғы оқу орындарында білім алу мүмкіндігі қарастырылған. 

Заң еліміздің мемлекеттік тілді одан әрі дамыту саясатын іске асыру, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау және білім беру салаларындағы іс сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин