Қостанай облысындағы жөндеу көрмеген су қоймалары қашан жөнделеді?
Қостанай облысындағы су қоймалары жарты ғасырға жуық күрделі жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен гидротехникалық құрылымдардың жақтаулары мүжіліп, бұзыла бастапты. Ал темір қақпалары тоттанған. Өткен жылы өңірдегі екі ірі су қоймасына азды-көпті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ былтырғыдай қатты су тасқыны қайталанар болса, бөгендердің төтеп береріне күмән бар, - дейді мамандар.
Қостанайдың іргесіндегі Амангелді су қоймасы 1964 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Осыдан он шақты жыл бұрын жабдықтарын ауыстырып, қайта жаңғырту туралы шешім қабылданыпты. Бірақ мердігер материалдар қымбаттап кетті деген желеумен бастаған ісін аяқсыз қалдырған.
Берік Қарсақбаев, «Амангелді» су торабының басшысы:
- Су бөгегіш темір қақпалар, бетон жиектері толық ауыстырылуы тиіс еді. Одан кейін көтергіш кран, оның темір жолын жөндеу көзделген болатын. Гидротехникалық нысанның аумағын, қоршауын қалыпқа келтіру керек еді. Оның бірде-бірі істелмеді. Ұзақ жылдардан бері қолданыста болғандықтан, металлдардың тоттануы – қазіргі кездегі негізгі мәселе.
Әрине, мұндағы мамандар қарап отыр деуге келмес. Мүмкіндіктері жеткенше қам жасап жатыр. Былтыр ашық-шашық жатқан электр желісі жаңартылған. Кран да жұмыс істеп тұр. Негізінен қазір облыстағы екі ірі Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймалары басты назарда.
Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:
- Екі үлкен су қойманы жөндеу басталды. Былтыр 250 миллион теңге қаражат бөлінді. Енді жоспар бойынша 600 миллионға дейін 2025 жылы да бөлінеді. Жоспар бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтілді. Қазіргі таңда мердігерлер таңдалып, көктемге қарай жұмыстарға кірісетін болады. Және де облыс бойынша шамамен 30 жуық дамбалар жөнделді.
Дәурен Әбдіқамитов, «Қостанай-Су шаруашылығы» РКК директоры:
- Кешенді жоспарға сәйкес, Жоғарғы Тобыл су қоймасын жаңғырту 2025-26 жылдары, Қаратомарды 2026-27 жылдары, ал Амангелді су торабында күрделі жөндеу 2027-28 жылдары жүргізіледі. Әрине, көп қаржы керек. Бір ғана Жоғары Тобыл қоймасын бастан-аяқ қалпына келтіруге 4,8 миллиард теңге қажет деп жобалап отырмыз.
Облыстағы 6 бөген бүгінде орташа есеппен 65%-ке толы. Алдағы ақпан-наруыз айындағы ауа райының болжамына қарай, қоймалардағы су мөлшері реттеліп отырады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг