Хабар телеарнасы

Көктемгі су тасқынына құзырлы органдардың дайындығы қалай?

Қазақстанда биыл да 1 мыңнан астам елді мекенді су басу қаупі бар. Себебі олар өзен-көлдерге жақын орналасқан немесе ағын судың жолында тұр. Мұны Сенатта өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты. Көктемгі су тасқынына құзырлы органдардың дайындығы қалай?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Әр көктем сайын еліміздің басты уайымы – су тасқыны. Өзен-көлдерге жақын жатқан елді мекен тұрғындары қар ерісе, жандарын шүберекке түйіп отырады. Апаттың алдын алу жұмыстары жылына бірнеше рет жүргізілсе де, тасқын қаупі бар ауылдардың қатары азаяр емес.

Солардың бірі Қостанай облысы. Аталған аймақта 8 ауданда су тасқыны қатері бар. Қазірдің өзінде жиегіне дейін толып тұрған өзен-көлдер көктемде арнасынан асуы мүмкін. Оның үстіне биыл топырақтың тоң қабаты былтырғыға қарағанда 26 сантиметрге қалың. Яғни ылғал жерге сіңбей, дені сай-салаға жайылады деген сөз. Биыл Ресей жақтан да мол су келуі ықтимал.

Алмат Әбжанов, «Тобыл-Торғай» бассейіндік инспекциясының басшысы:

- Ресей Федерациясының ақпараты бойынша Челябі облысының аумағында Тобыл бассейінің көптеген өзендерінің сулылығы қалыптыдан жоғары. Күзгі ылғал қорының соңғы өлшемі Тобыл өзені бассейініндегі  метрлік  қабаттағы топырақ жақсы ылғалданғанын көрсетті. Топырақтың метрлік қабатындағы ылғал қоры 106-140 мм құрады.

Ресейде көктем келмей жатып тасқынның басталғанын депутаттар да айтып отыр. Шекаралас Орынбор, Омбы, Орск облыстарында өзендер арнасынан асқан. Одан біздің елге де қауіп төнуі мүмкін. Ал сенаторларға есеп берген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов көктемге сақадай сай дайынбыз, - дейді. Жалпы саны 37 мыңнан астам адам мен 13 мыңнан аса техника әзірлепті. Одан бөлек апатты болдырмау үшін бас-аяғы мыңдаған іс-шара жасалған.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Мысалы, елді мекендерді қорғау үшін 576 километр қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 километр дренаж жүйесі жөнделді және салынды. 960 автомобиль және теміржолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылып, ауыстырылды, 658 километр каналдар мен арықтар құрылды. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде 300-ден астам километр тереңдету мен жағалауды нығайту жұмыстары өткізілді.

Президенттің тапсырмасы бойынша былтыр министрліктің жанынан Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылған болатын. Олар TASQYN атты су тасқынын болжау және модельдеу жүйесін ойлап тауыпты. Ол өзен-көлдердің деңгейі туралы ақпарат беріп отырады. Әрі болжам жасайды, - дейді министр. Ал оның пайдасын биыл көрерміз.

Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

- Егер жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, бізге ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейді. Жалпы батырлықпен, қайсарлықпен, ерлікпен сол апатпен күрескеннен гөрі әлдеқайда оны болдырмау тиімді. Сонда халқымыз да қиналмайды, артық күш те жұмсамаймыз, қосымша ақшаны да талап етпейміз.

Сенатор былтырғы су тасқынын меңзеп отыр. Соңғы 80 жылда болмаған алапат апаттан еліміздің он шақты аймағы зардап шеккен болатын. 11 мыңнан астам баспана, 25 мыңнан аса саяжай ағын судың астында қалған еді. Жүздеген жол бөлігі мен 10 шақты көпірді су шайып кетті. Олардың кейбірі әлі күнге жөнделіп жатыр.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков