Былтыр өндірісте 1400 жұмысшы жарақаттанған
244 апат. Бұл соңғы он жылда Қазақстанның өндіріс орындарында орын алған оқыс оқиғалар. Салдарынан мыңдаған адам жарақаттанды. Қаншасы мүгедек болып қалды. Тек былтырдың өзінде 200 жұмысшы көз жұмған. Бүгін Мәжіліс осы мәселені реттеу үшін азаматтық қорғау жөніндегі заңды бірінші оқылымда қарады. Құжатта инспекторларға ерекше құзырет беру, ғимараттарды жаңғырту мен техникалық талаптарды күшейту түріндегі өзгерістер қамтылған.
Мұның бәрі бізде жұмыс істеп тұрған нысандар. Олардың кейбірін экономикамыздың драйвері деп атайды. Осы көшбасшылар тек пайда табуға құнығып алған сияқты. Оны келесі сандар айғақтайды.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанда өндірістік нысандардың тозуы 50% асады. Тау-кен саласында тіпті 60% жеткен. Бұл дабыл қағатын жағдай. Ал инвесторлар болса жылына өз иелігіндегі мүліктің шамамен 9% ғана жаңғыртады. Осы заң аясында толықтай жаңғыртуға міндеттеу түріндегі норманы енгізу қажет.
Егер өзгеріс енгізбесе жағдайдың оңалуы қиын. Себебі қазір біздегі қауіпті деген өндірістердің жылына небәрі 5% ғана тексеріледі. Оның өзінде жоспарлы түрде. Ал инспекторлардың нысандарды қарауға берілген құзыреті мен уақыты тым шектеулі екен. Үкімет мүшелері мұны бизнесті қорғау үшін жасадық деп ақталды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Мен көптеген осы салада жүрген мамандармен сөйлестім. «Біздер қолымызға акт аламыз, барамыз. Егер де біз актіде көрсетілмеген бір қатені көріп қалсақ, оны жаза алмаймыз. Себебі біздікі нарушение болады. Ал егер де оны жазбасақ, өндіріске үлкен қауіп төнуі мүмкін» дейді. Қараңыздар не істеп қойғандарын.
Осыны айтқан депутаттар Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша құзырет беру туралы бастама көтерді. Тек сонда ғана апат азаяды.
- Тау-кен, мұнай, көмір, газ бен химия. Қауіпті өндірістердің тізімі заңда осылай нақтыланған. Олар қазір шынында да қауіпті болып тұр. Жыл сайын кемінде 20-25 апат орын алады. Салдарынан тек былтырдың өзінде 1400 жұмысшы жарақаттанған. 202 адам қаза тауыпты.
Мәжілісте сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы келісім ратификацияланды. Жауаптылар осы арқылы өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тартуды көздеуде.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында осындай келісімге қол қойылды. Инвестор табуды Жамбыл облысының әкімдігіне арттырып қойыңыздар. Осы уақытқа дейін инвестор табылған жоқ. Сұрақ. Министрліктің міндеті қандай әкімдіктерге итеріп қойып, күтіп отырасыздар ма?
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Ақпан айында конкурс өткізетін болады деп ойлаймын. Олар арнайы таныстырылым жасайды. Қандай мүмкіндіктері бар. Жазбаша қосымша ақпарат береміз.
Нысан Атамекен және Гүлістан бақылау-өткізу бекеттері маңында бой көтереді. Әр ел өз аумағында 500 шаршы метрлік ғимарат тұрғызады. Ол жұмыс істесе, алыс-беріске қоса азаматтардың барыс-келісі де жеңілдеуі тиіс.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов